Президент Мажарстанның Сыртқы істер және сыртқы сауда министрін қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Мажарстанның Сыртқы істер және сыртқы сауда министрін қабылдады

06.04.2021

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстанның Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Петер Сийартоны қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сенімді саяси диалог, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық пен коронавирус пандемиясының сын-қатерлері кезінде өзара қолдау көрсетуге негізделген стратегиялық серіктестік сөз болды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жақында «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбында онлайн өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитіне қатысқаны үшін Мажарстанның Премьер-Министрі Виктор Орбанға ризашылығын жеткізуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жүргізілген келіссөздер Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қатынастардың одан әрі дамуына тың серпін береді деп үміттенемін. Қазақстан осыдан 30 жыл бұрын Еуропа елдерінің ішінде бірінші болып Мажарстанда өз елшілігін ашты. Біздің қарым-қатынастарымыз ерекше. Қазақстандықтар Мажарстанды өте жақсы біледі. Сіздің еліңізді жақын тартады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің жұмысына елеулі үлес қосқаны үшін Премьер-Министр Виктор Орбанға ризашылығымды білдіремін.

Өз кезегінде Петер Сийарто өзін Қазақстанның жылы қарсы алғанын айтып, ризашылығын білдірді. Әрі өз елінің басшылығының сәлемін жеткізді. Осы ретте Будапешттің Қазақстанмен кешенді ықпалдастығын одан әрі нығайтуға, соның ішінде, Түркі кеңесінің әлеуетін пайдалана отырып тереңдетуге дайын екенін айтты. Мажарстанның Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Түркістанның рухани астана ретіндегі маңызды рөліне тоқталды.

Петер Сийарто, Мажарстанның Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі:
Сіздің, Президент мырза және Елбасының Мажарстанда беделдеріңіз зор. Біз Қазақстан мен оның халқының достық, бауырластық қатынасын сезінеміз. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне бақылаушы ретінде қатысуымыз елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестіктің нәтижесі. Қазақстан біз үшін – маңызды стратегиялық серіктес.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу