Атырау облысында карантин күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында карантин күшейді

29.03.2021

Бес күн бойы «қызыл» аймақта тұрған Атырау облысында карантин талаптары күшейтілді. Базарлар мен ірі сауда орындарына жексенбі күні жұмыс істеуге тыйым салынды. Мәдени нысандар мен кинотеатрлардың және концерт залдарының қызметі доғарылды. Сондай-ақ мекеме, кәсіпорындардағы жиналыстар шектелді.

Соңғы екі аптада өңірде 500-ге жуық тұрғын індетке шалдықты. Өткен бір тәулікте 75 адамнан вирус анықталды. Олардың 39-ы қаладан тіркелді. Ал, 26-сы Теңіз мұнай кен орнының жұмысшылары. 200-ге тарта науқас емделіп жатыр. Коронавирус оқушылар арасында да тарай бастаған. 14 мектептен инфекция анықталып, бір мектептің екі сыныбы карантинге жабылды.

Амантай Жұмағалиев, Облыстың бас санитарлық дәрігерінің орынбасары: 
Соңғы аптада аурудың симптомды жағдайлар көбейді. Оның ішінде Атырау қаласында. Мектептер қазір 1-5 класстар бұрынғы форматта оқып жатыр. Сосын оқу бітіретін 9-11-12 класстар 70 процентке дайын штаттық режимде, қалғандары 30 проценті онлайн режимде оқиды. Бірақ барлығы да бір кабинеттік жүйеде оқиды. Мектептерде сақтық шараларын қатаң сақтау керек.

Батыс Қазақстанда короновирустық инфекция бойынша эпидахуал тұрақсыз. Облыс әлі де «қызыл» аймақта. Инфекциялық ауруханалар 60 пайызға толған. Бұл – ел бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Тәулігіне 100-ге жуық адамның ауруға шалдыққаны анықталды. Індет мереке күндерінен кейін өршіп кетті. Сондықтан бас санитар дәрігер карантиндік шараларды 16 сәуірге дейін ұзартуды ұсынды.

Жандос Темірғали, Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу