Алматы облысында жүйіткіген көліктер ауыл тұрғындарына қауіп төндіріп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында жүйіткіген көліктер ауыл тұрғындарына қауіп төндіріп отыр

26.03.2021

«Ауылдың орталық көшесі қауіпті орынға айналды». Алматы облысына қарасты Жаңалық елді мекенінің халқы осылай дейді. Тұрғындардың сөзінше облыстық маңызы бар тас жолмен көлік жылдам жүреді. Соның салдарынан жаяу жүргіншілерді көлік қағу дерегі жиілеп кеткен. Соңғы бірнеше жылдың ішінде күре жолдың бойында 15 адам қайтыс болып, 40 шақты адам түрлі дене жарақаттарын алған.

Марат Оралбековтың туған бауырын көшеде көлік қағып кеткен. Кешке жұмыстан қайтқан інісі жолдың жаяу жүргіншілер жүретін тұсынан өтпек болған. Бірақ жылдамдықты шамадан тыс асырған жүргізуші оны байқамаған. Зардап шегуші оқиға орынында мерт болды.

Марат Оралбеков, Жаңалық ауылының тұрғыны:
Жолды кесіп өтпек болған. Сол кезде машина қақты. Ондай жағдайлар көп болды.
Қуан Нұрақын, тілші:
Елді мекеннің орталық көшесі осы. Бірнеше ауылды қаламен жалғап тұрған бұл жолда ертелі кеш ағылған көлік саны көп дейді тұрғындар. Жаяу жүргіншілер белгісі тұрса да, қарсы бетке өту қауіпке айналған.

Тұрғындардың айтуларынша жүргізушілер елді мекенге кіргенде жылдамдығын азайтпайды. Жол белгілерін елемейді. Соның кесірінен жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткен.

Анар Бекбайқызы, Жаңалық ауылының тұрғыны:
Таксистер, небір шумахерлар жүр. Оларда елдік мекенге кірдік деген түсінік жоқ. Ұшып кіріп, ұшып шығады ғой. Балалар жүгіріп өтеді. Қаншама адам қаза тапты.

Тұрғындардың талабы біреу-ақ. Орталық көшеге жылдамдыққа шектеу қоятын бейнебақылау камераларын орнатса дейді.

Дүйсенбек Жүнісов, Жаңалық ауылының тұрғыны:
Анау Әуезовтың қиылысынан аз дегенде 15-20 жылдың ішінде 15-20 адам өледі. Ит, мысықты қақпағанда. Сол жерге бағдаршам қойыңдар деп мен айтып жүргеніме 6 жыл болды.

Аудан әкімдігі бұл мәселеден хабардар. Облыстық полиция департаментіне өтініш жолдаған. Шешім шығып, биыл Талғар ауданы бойынша жүз камера қою жоспарланып отыр. Тек солардың біреуін ғана Жаңалық ауылының орталығына орнатпақ.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу