Қасым-Жомарт Тоқаев: «Омикрон» штаммы жаңа қауіп төндіріп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Омикрон» штаммы жаңа қауіп төндіріп отыр

29.11.2021
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Омикрон» штаммы жаңа қауіп төндіріп отыр

Мемлекет басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы арнаулы сессиясында жуырда Оңтүстік Африка ғалымдары анықтаған «Омикрон» штамы жаңа қауіп төндіріп отырғанын айтты. Сондай-ақ, COVID-19 пандемиясына қарсы күрестің аса маңызды екенін атап өтті.

«ДДСҰ қоғамдық денсаулық сақтау жолындағы осы аса күрделі жаһандық күресте жетекші рөл атқарды. Ұйымға мүше мемлекеттердің бәрі және олардың денсаулық сақтау жүйелері ауыр жағдайды бастан өткерді және қиындық әлі де жалғасып жатыр. Коронавирустың жаңа әрі қауіпті штамдары әлем бойынша тез тарала бастағандықтан, алдағы апталарда COVID-19 індетін жұқтырғандар саны айтарлықтай өседі. Жуырда Оңтүстік Африка ғалымдары анықтаған «Омикрон» штамы жаңа қауіп төндіріп отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, пандемия халықаралық қатынастарда көптеген кемшілікті анықтаған. Сондай-ақ дағдарыстың әлеуметтік-экономикалық салдары барлық деңгейдегі әлеуметтік құрылымдарды жан-жақты қайта зерделеуге мәжбүрледі. Пандемия ынтымақтастыққа және биологиялық сын-қатерлерге қарсы іс-қимылдардың мейлінше тиімді жүйесіне негізделген жаңа жаһандық әдіс керек екенін көрсетті.

«Ең алдымен індет алдында бізді дәрменсіз қылған кемшіліктерімізді жою қажет. Сондықтан біз осы Арнаулы сессияға бір ғана мақсатпен, яғни ДДСҰ конвенциясын әзірлеу қажеттігі мен оның тетіктерін немесе пандемияға және оған төтеп беруге дайындықты қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық құжатты қарастыру үшін жиналып отырмыз. Дайындық жұмыстары мен баяндамалары үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 74-отырысының жұмыс тобына алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. Қазақстан пандемияға дайындықты арттыруға және тиісті шараларды қабылдауға бағытталған ДДСҰ конвенциясына жолданған ұсыныстарды қолдайды», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ДДСҰ-ны толық қолдайтынын атап өтіп, бұл ұйымды сенімді әріптес ретінде қарастыратынын айтты. Мемлекет басшысы әлемдік қауымдастықтың коронавирусқа қарсы күресіне Ұйымның Бас директорының қосқан жеке үлесін жоғары бағалады.

Мемлекет басшысы жиын қатысушыларына QazVac вакцинасының әзірленуі және оның жаңа «Дельта» штаммына қарсы сәтті модификацияланғаны жөнінде айтты. Қазақстандық вакцина өзінің тиімділігін елімізде ғана емес, Орталық Азияның басқа да мемлекеттерінде дәлелдеді.


COVID-19 Омикрон

Хабарламаларға жазылу