Алматы облысында ауыл жұрты жағымсыз иіске тұншығып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында ауыл жұрты жағымсыз иіске тұншығып отыр

26.01.2021

Қолқаны қабар жағымсыз иіс, жұмбақ жағдайда қырылған ірі қара. Бұл Кеген ауданы, Бөлексаз ауылы тұрғындарының бас ауруына айналған мәселе. Бөлексаздықтардың сөзінше, маңындағы жекенің мал бордақылайтын алаңынан келетін өлексенің иісі бүкіл ауылды алып кетеді. Себебі шаруашылық басшылары арам қатқан сиырларды көмбей, қидың астына жасыра беретін көрінеді. Тіпті төрт түлік тұқымының қандай аурудан өліп жатқанынан да бейхабармыз дейді. Мәселені Қуан Нұрақын електен өткізіп қайтты.

Тұрғындар бұл мәселені бес жылдан бері көтеріп келе жатыр. Күн жылынса болды, көшеге шығудан қаламыз дейді.

Күлсімхан Нұрмаханқызы, ауыл тұрғыны:
Кішкене төмен жақтан жел соқса бітті бүкіл ауылды алып кетеді. Сасыған иіс. Соны бүкіл халық болып сұрайтынымыз осы - комплекске бір шара қолданса екен дейміз. 
Азат Тауқан, ауыл тұрғыны:
Жүз жылға дейін қарасанның микробы өлмейді. Көктемде өліктен шығып жатыр, ана қидан мыңдаған шыбын ұшады. Ол нанға қонады бала-шағамыз жеп жүрген. 

Жұрттың уәжін тыңдауға аудан әкімінің өзі келді. Іште оқушылардың сабақ өтіп жатқанына қарамастан жиылған жұртқа мектепке кіріп әңгімелесуге кеңес берді. Алайда тұрғындар бас тартты.

Бес жылдан бері көрмедік деген мал бордақылау алаңының басшысы да жиында төбе көрсетті.

Бақытжан Әбдірасілов, мал бордақылау алаңының басшысы:
Малды жою мәселесі ол ветеринария қызметінің қолындағы дүние. Олар келгенге дейін біз ол малды бір жерде ұстауымыз керек. Құстар келіп соны шұқып ауылға ауру таратпасын деп мен оны апарып үстін қимен жаптым. 

Ветеринар мамандарды кінәлаған шаруа басшысы халық бас көтергеннен кейін ғана өлекселерді сыртқа шығарып, өртеген.

Қуан Нұрақын, тілші:
Тұрғындардың күн жылынса иісі қолқаны қабады деген шаруа қожалығы осы. Ішінде 1200-ден аса бас мал бар. Былтыр желтоқсан айында ауру таралып ішінде 60-тан аса сиыр өлген. Ауылдықтардың сөзінше, содан бері бір айдан аса уақыт өтсе де нысан карантинге бүгін ғана жабылған. 

Айналасы түгел қоршалған шаруашылықтың ішінде не болып жатқанын білуге бекінген халық ішке кіре алмады. Адамға да жұғатын вирус болуы мүмкін деген қожалық иесі есікті ашпады. Мәселені шешуді инвесторға батырып айта алмаған әкім керісінше халықтың өздерін кінәлады. 

Аудан әкімі жер жіпсігенде өлген малды көметін қожалық аумағынан орын дайындауға сөз берді. Тіпті аты дардай компанияға техника да тауып беретінін айтты. Ал тұрғындар мәселе уәделі уақытта шешілмесе, компанияның ауылдан көшуін талап етуге бекініп отыр. 

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу