Путин мен Байден арасында сөзталас күшейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Путин мен Байден арасында сөзталас күшейіп келеді

19.03.2021

Ресей президенті Владимир Путин мен оның америкалық әріптесі Джо Байден арасында сөзталас күшейіп келеді. Осыған дейін Америка лидері Кремль басшысын «адам өлтірушісі» деп атаған еді. Бұған жауап бере отырып, Путин «кім қалай жаман атаса, өзі солай аталады» деп жауап берді. Тағы бір сөзінде ол Байденге денсаулық тілеп, онымен кездесіп, екіжақты қатынастар мен аймақтық жанжалдарды талқылауға дайын екенін мәлімдеді. Ақ үйдің қожайыны бұл ұсынысқа әзірге жауап берген жоқ.

Қазір Байден әкімшілігінің Қытаймен де қатынастары шиеленісіп тұр. Екі жақтың Аляскада ашылған сауда келіссөздері бір-бірін кінәлаудан басталды. Бейжіңнен жеткен делегация Вашингтонды өзге елдерді «Қытайға шабуыл жасауға итермелеп» отыр деп айыптаса, Құрама Штаттар қарсы жақты «көпшілік алдында сөйлеу үшін Америкаға келді» деп мәлімдеді. 

АҚШ бұл кездесуде Шыңжаңдағы ұйғырлар проблемасын да көтеруге уәде беріп отыр.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу