АҚШ пен Ресей президенттері Украина мәселесін талқылайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ пен Ресей президенттері Украина мәселесін талқылайды

06.12.2021

Сейсенбі күні АҚШ пен Ресей президенттері шілде айынан бері алғаш рет сөйлеседі. Джо Байден мен Владимир Путин видеобайланысқа шығып, Украина мәселесін талқылайды. Мұны Ақ үй мен Кремль мәлімдеді.

Келіссөздер барысында Байден Ресей әскерінің Донбасс маңындағы белсенділігіне алаңдаушылық білдіріп, Украинаның тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын Вашингтонның қолдайтынын ескертейін деп отыр. Ал, Кремльдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Путин америкалық әріптесіне Украинаның НАТО-ға өту жолындағы кез-келген әрекетіне наразы екенін жеткізбек.

Құрама Штаттар барлаушыларының дерегінше, Мәскеу Украина маңына 70 мыңдай әскер шоғырландырып, көрші елге алдағы жылдың басында басып кіруді жоспарлап отыр. Алайда, Ресей мұндай мәліметтерді үнемі жоққа шығарады.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу