2025 жылға қарай түрлі салада елеулі өзгерістер болады. Осы ретте негізгі үш бағыт бойынша 10 басымдыққа негізделген Ұлттық жоспар бекітілді. Ол сәтті жүзеге асса 5 жылдан соң экономика 5%-ға өсіп, өңірлер орналасу ерекшелігіне қарай өркен жаяды. Бүгін мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі, жалпыұлттық басымдықтар және мемлекеттік басқарудың тұжырымдамасы бойынша түсінік берілді.
Әл-ауқаты мықты тұрғындар, сапалы инститтуттар және мықты экономика. Мемлекет осы үш негізге сүйеніп 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспарды бекітті. Бұл пандемия салдарынан сабақ алып жазылған жаңа сценарий. Межелі мерзімде жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ға төмендеуі тиіс. Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларға қатысты міндеттемелер толық орындалады. Нәтижесінде денсаулық сақтау саласы жақсарады. Өңірлерде 20 заманауи медициналық орталық, ал, екі ірі мегаполисте қос ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника салынады. Сөйтіп, өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетеді.
Әсет Ерғалиев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
«Бірыңғай интеграцияланған білім беру онлайн-платформасы» жобасы іске қосылады. Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша ел өңірлерінде 2 жетекші ЖОО құрылатын болады. Еліміздің бәсекеге барынша қабілетті 20 университетінің базасында Академиялық артықшылық орталықтары құрылатын болады.
Шаруалар да ширамақ. 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарының өнімді өндіріп және қайта өңдеуі үшін 7 ірі экожүйе құрылады. Ел халқының 99%-ы интернетпен қамтылады. 3,5 мыңнан астам ауыл жаңа өңірлік стандарттарға сәйкес жаңғыртылады.
Қайрат Келімбетов, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің төрағасы:
Өңірлердегі жағдайды жете түсіну керек. Тұрғындардың әл-ауқаты, жергілікті аумақтың экономикалық көрсеткіші қандай? Үкімет облыстардың бюджеттік, әлеуметтік, инфрақұрылымдық саясатын ескереді. Біз бұл жобаны шілдеде реформалар жөніндегі жоғарғы кеңеске шығаруымыз мүмкін.
Індет – цифрандыруға көшуді міндеттеді. 2025 жылға қарай мемлекеттік мекемелердің түгел қызметі автоматтанады әрі электрондық форматқа ауысады. Осылайша мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектордың саны 25%-ға қысқарады. Бірақ, орта бизнес үлесі – 15%-ға артып, ондағы жұмысшылар қатары 4 млн адамға дейін жетеді.
Нысаналы Ығыл