Шағын және орта бизнестің жартысына жуығын әйелдер ширатып отыр. Олардың қоғамдағы рөлі де орасан. Бүгін Елордада «Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін арттыру шаралары мен құралдары» атты іс-шара өтті. Мереке қарсаңында өткен бұл шараға Мемлекет басшысы арнайы бейнеүндеу жолдады.
Әйелдер үйдің де, түздің де шаруасын қатар алып жүр. Қоғамдық-саяси өмірге белсене қатысып, мемлекеттік басқару ісіне де араласады. Осы ескеріліп, саяси партиялардың сайлау тізімінде әйелдер квотасы артты. Бірақ, қайнаған тірлік арасында отбасылық құндылықтарды нығайту ұмыт қалмауы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет - әйелдерге ұдайы көмектесу, олардың дамуына жан-жақты қолдау көрсету. Бүгінгі таңда табысқа жеткен қыз-келіншектер аз емес. Іскер аруларымыздың арқасында 1 млн азаматымыз тұрақты жұмысқа қамтылып отыр. Біз ел дамуына белсене қатысып жүрген осындай аруларымызға жан-жақты қолдау көрсетеміз.
Елде бір жарым миллионнан астам шағын кәсіп субъектісі бар. Олардың 43 пайызын қыз-келіншектер басқарып отыр. Тәуекелге бел буып, тер төгіп жүргендердің көш басына қазір ауылдағылар шыға бастады. Нәтижесінде елді мекендерде жеңіл өнеркәсіп өркен жайып келеді.
Сәуле Халелқызы, Маңғыстау іскер әйелдер кеңесінің төрайымы:Маңғыстауда екі әйелдің бірі тігінмен айналысады, 4 әйелдің бірі қол шебермен айналысады. Үкіметтің тарапынан шыққан бағдарлама болса, несие жөнінде жеңілдік, субсидия болу керек.
Енді елдің барлық өңірінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағытында арнайы орталықтар ашылады. Бүгін осы мақсатта үшжақты меморандумға қол қойылды.
Ләззат Рамазанова, ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы:Әр өңірде 17 ресурстық орталық ашылуы тиісті. Әйел азаматтарға мүмкіндік беру, бір емес бірнеше бағытта жүреді бұл жұмыс. Ең басты мақсатымыз - әйелдер арасындағы кооперацияны нығайту.
Бұдан бөлек, жақында әйелдерге ипотекалық несие беру бағдарламасы іске қосылады. Бұл мақсатта Азия даму банкінен 38 млрд теңге қаражат тартылды.
Асима Нұрбайқызы