Ақмола облысының Щучье қаласында екі полиция қызметкерінің өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты айыпталған 25 жасар Сергей Воронцовқа қатысты сот үкімі шықты. Істі бір айдан астам уақыт қараған Бурабай аудандық соты оны тағылған айыптар бойынша кінәлі деп таныды. Ол 15 жылға сотталды. Айыпталушы өз кінәсін мойындаған жоқ. Көлікті мен басқарған жоқпын деп жалтармақ болған. Алайда,тергеу және сот барысында Сергей Воронцовтың көлікті мас күйінде тізгіндегені, оның жол-көлік оқиғасына айыпты екені толық дәлелденді. Үкім заңдық күшіне енген жоқ. Тараптар 15 тәулік ішінде апелляция бере алады.
Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға өткен жылдың 15 қазанында болды. Жеңіл көлікті мас күйінде басқарған жүргізуші жоғары жылдамдықпен келіп, полиция көлігін соғады. Машинада болған 2 тәртіп сақшысы сол жерде көз жұмды.
Әсел Әбимұратова, Бурабай аудандық сотының судьясы:
Сергей Воронцов қылмыстық кодекстің 200-бабы бойынша 6 жылға, 346-ыншы бап бойынша 9 жыл 6 айға сотталсын. Екі жазаны біріктіру нәтижесінде 15 жыл жазасын өтейді. Көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылды. Сотталушы көз жұмған азаматтардың отбасыларына 10 миллион теңгеден моральдық шығын төлеуге міндеттелді.
Ермек Елберген