2020 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5,6 пайызға артып, 6,3 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты.
«Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5,6 пайызға артып, 6,3 трлн теңгені құрады. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең үлкен өсім. Бұл ретте, тамақ өнімдері өндірісі 4 пайызға өсті», - деді министр.
Айтуынша, агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту мақсатында ішкі нарықты 80 пайыздан астам деңгейде азық-түлік тауарларымен молықтыру, 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру, еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, өңделген өнім экспортын 2 есеге ұлғайту сынды міндеттері қойылған.
«Ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен молайту жөніндегі міндетті шешу үшін министрлік импортын қысқарту қажет позицияларды айқындады. Бұлар – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық. Бүгінгі күні алдағы үш жылға арналған бағыттардың әрқайсысы бойынша инвестициялық жобалардың нақты пулы айқындалды», - деді министр.
Нақтырақ айтсақ, шұжықпен қамту үшін қуаты 77,8 мың тонна болатын 6 ет комбинаты іске қосылмақ. Сонымен қатар Алматы облысындағы қант зауыты жаңғыртылып, Жамбыл облысында қуаты 150 мың тонна болатын жаңа қант зауыты салынады. Ал балық өнімдерін көбейту үшін қуаты 13,5 мың тонна болатын 8 жоба іске қосылады.