Бүгін Алғыс айту күні. Өткен ғасырда тағдыр тәлкегімен Қазақстанға түрлі этнос өкілдері еріксіз қоныс аударған еді. Зұлмат жылдардың зардабын қатар шексе де, қазақ халқы оларға кең құшағын жайды, бауырына басты, барымен бөлісті. Бүгін сол мейрімділік пен қамқорлық рухани дәстүрге айналып, құрмет білдіретін күнге айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты атаулы мерекемен құттықтады.
«Елбасы 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында жариялаған осы айтулы мерекенің мәні терең, маңызы ерекше. Бұл күні халқымыздың бір-біріне өзара қамқорлығы, мызғымас береке-бірлігі мен ынтымағы кеңінен дәріптеледі. Біз осы құндылықтардың арқасында мемлекеттігімізді жаңғыртып, түрлі сын-қатерден сүрінбей өттік. Қазір Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық белесін әлеуметтік-экономикалық саладағы және халықаралық деңгейдегі толағай табыстармен қарсы алғалы отырмыз. Мен баршаңызға Отанымыздың өркендеуі жолында сіңірген жасампаз еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын»,- делінген Президент құттықтауында.
Сонымен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қазақстандықтарды алғыс айту күнімен құттықтады.
«Бүгін біз қазақ халқының рухани ерлігі мен еліміздегі барлық этностардың басына түскен ауыр сынақтарды еске алып қана қоймай, келешекке зор сеніммен қараймыз. Қазақстан қоғамының келісімі мен татулығы - сол жарқын болашақтың берік іргетасы. Коронавирус пандемиясына тойтарыс беру кезінде де біздің бірлігіміздің маңызы айқын көрінді. Қазақстандықтар мемлекетіміздің тұрақты дамуына қауіп төндірген жаһандық сынаққа ел болып жұмыла қарсы тұрды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында өрлеу мен өркендеуге бастайтын жол адамгершіліктің айнымас қағидаларына, толеранттылық принциптеріне, төл тарихымызға құрмет пен ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке негізделетінін тағы бір мәрте айғақтап отырмыз», - деген Елбасы құттықтауында.