Еліміздің басым бөлігінде ауа райы қолайсыз болып тұр. Бірнеше аймақта аяз күшейді. Ақ түтек боран салдарынан солтүстікте ғана емес, оңтүстікте де жолдар жабылды. Қарағанды, Ақмола облыстарында сабақ доғарылды.
Алматы-Бішкек тас жолында қалың қар мен көктайғақ салдарынан жеті көлік соқтығысып қалды. Арасында жолаушылар автобусы да бар. Бір адам жеңіл жарақат алған. Талдықорған-Үшарал бағытында қоғамдық көліктер мен дизельдік қозғалтқышы бар көліктер үшін қозғалыс шектелді. Ал Жамбыл облысында бораннан жолдар жабылып, блок-бекеттер қойылды. Қазір трассада 100-ден астам жүк және 200-ге жуық жеңіл көлік тоқтап тұр. Олардың көбі кері қайтарылып жатыр.
Боран басталмай тұрып жолға шығып кеткен 30-ға жуық жолаушы және блок-бекеттерден 64 адам жақын маңдағы жылыту пунктеріне жеткізілді.
Түркістан облысында автобус пен 5 жеңіл көлікте болған 50 жолаушыға көмек көрсетілді. Арасында үш бала болған. Бұл тұрғындар Бәйдібек пен Созақ аудандары арасында жолда қалып қойған.
Павлодар облысында 9 адам қар құрсауынан құтқарылды. Ақтүтек боран соғып, Павлодар-Қызылорда бағытындағы күре жол жабылды. Негізгі магистраль жабылғанымен, жол бойындағы елді мекендерден шыққан көліктер қарға батып, құтқарушылар таңға дейін тыным тапқан жоқ.
Солтүстік Қазақстан облысында кешегі ат құлағы көрінбес боранда 200-ден астам адам құтқарылды. 100-ге тарта көлік қауіпсіз жерге жеткізілді. 150-ден астам жолаушы эвакуациялық бекеттерге орналастырылды. Солардың бірі 2 баласымен жолда қалған Тайынша ауданының тұрғыны полицейлердің көмегімен ауруханаға жеткізілді.
Сондай-ақ, ақтүтек боранда халықаралық Новосібір-Челябі бағытындағы жолда тоқтап қалған 50-ге тарта жүк және 5 жеңіл көлік Мамлютка қаласында орналасқан жылыту бекетіне қойылды.