Анкарада Тоныкөк ескерткішінің көшірмесі орнатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Анкарада Тоныкөк ескерткішінің көшірмесі орнатылды

23.02.2021

Түркия астанасында Халықаралық Түркі академиясының мұрындық болуымен Білге Тоныкөк жазба ескерткішінің көшірмесі орнатылды. Тасқа қашалған жәдігер Анкараның орталығындағы Алтындағ ауданында, «Түркі әлемі: Тоныкөк саябағы» аумағына қойылды. Ескерткіш пен саябақтың ашылу салтанатына қатысқан Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп былтыр Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығын ЮНЕСКО аясында тойлау туралы шешім қабылданғанын және көшірменің орнатылуы сол мерейтойға ерекше сый болғанын атап өтті. Моңғолиядағы Орхон өзені бойында 8-ғасырда орнатылған Тоныкөк жазба ескерткішінің дәлме-дәл көшірмесін Халықаралық Түркі академиясы әзірлеген.

Дархан Қыдырәлі, Халықаралық Түркі академиясының президенті:
Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлы даланың тарихы туралы оның ұлы тұлғалары туралы арнайы тапсырма берген болатын. Тоныкөк сол ұлы тұлғалардың көшін бастап тұрған дала данышпаны. Оның жазуы 1300 жылдан кейін де бізге өсиет іспетті. Сондықтан Білге Тоныкөктің ескерткішін басқа жерлерде де ашу ойымызда бар.
Мұстафа Шентоп, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы:
Білге Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдық меретойын атап өту кезінде Қазақстанның қолдауын айқын сезіндік. Ортақ мәдениетімізді ұлықтау бағытында әрдайым Қазақстанның жан-жақты үлесін көріп жүрміз. Сондықтан бүгінгі сәтті пайдаланып қазақ халқына осы жерден алғысым мен шексіз ризашылығымды жеткіземін.


Хабарламаларға жазылу