Мобильді қосымшалар арқылы жүргізілетін төлемдер бақылауға алынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мобильді қосымшалар арқылы жүргізілетін төлемдер бақылауға алынады

19.02.2021

Мобильді қосымша арқылы тұтынушыдан кәсіпкерге түсетін ақшаны фискалдандыру маңызды. Осы арқылы көлеңкелі экономиканың деңгейі төмендейді. Қаржы министрлігінің алқа отырысында бірінші вице-премьер Әлихан Смайылов бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырды. Айтуынша банк қосымшалары арқылы онлайн ақша аударымдары қарқынды дамып жатыр. Жұрт қызмет немесе тауар ақысын осы әдіспен төлеуді әдетке айналдырған. Нәтижеде бизнесмендер салықтан жалтарып отыр. Қазір ведомство тиісті шараларды жүзеге асыру тетіктерін әзірлеп жатыр.

Әлібек Әбділов ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы:
Олар Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығымен, мүдделі мемлекеттік органдармен талқылануда. Сонымен қатар, бизнес қауымдастықпен де талқылануда. Жеке тұлғалар арасындағы аударымдарға ешқандай әсер етпейді. Және оған ешқандай салық салынбайтынын тағы да айтқымыз келеді.

Бюджет ашықтығы бойынша Қазақстан әлемнің 117 елінің арасында 37-орында. Бұл көрсеткішті едәуір жақсарту үшін министрлік сайтында ақпараттар, есептер мен бюджет бойынша шолулар қолжетімді болады. Алдағы 5 жылда 736 нысанды жекешелендіру жоспарланған. Оның 40 пайызы биыл сатылуы тиіс. Әлихан Смайылов осыған қатысты Жол картасын әзірлеп, тиісті шараларды жеделдетуді тапсырды. Биыл жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі басталды. Құжатты алдымен мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайлары тапсырып жатыр.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу