Жаңа жылдан бастап мобильді аударымдар қадағалана бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа жылдан бастап мобильді аударымдар қадағалана бастайды

14.12.2023

Жаңа жылдан бастап мобильді аударымдар қадағалана бастайды. Егер үш айда 100-ден аса аударымнан асса, салық органдарының бақылауына ілігеді. Көлеңкелі бизнестің жолын кесу үшін қаржы министрлігі осындай қадамға барып отыр. Ал қарапайым халықтың мобильді аударымдары бақылана ма? Тілшіміз Жандос Темірғали ретімен түсіндіріп береді.

Халық күнделікті есеп айырысуда, төлем жасауда қолданып жүрген мобильді аударымдарды салық органдары бақылауға ала бастады. Ақшаның онлайн айналымда жүруі әсіресе кәсіпкерлерге тиімді. Енді салық органдары банктегі қаржылық операцияларды қадағалап отырмақ. Бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асып, жалпыға бірдей декларацияда тіркеледі.

Мәселен, келер жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің мобильді аударымдары тексеріле бастайды. 2025 жылдан жеке кәсіпкерлердің, ал 2026 жылдан қарапайым халықтың ақша аударымы бақылауға алынады. Бұл мәселеге қатысты тұрғындардың пікірі әртүрлі. Бірі жеке шоттарды бақылау қате десе, ал екіншісі салықтан жалтарғандарды жөнге салу керек дейді.

Халық қазір қолма қол ақшаны көп ұстамайды, көбіне мобильді аударымды қолданады, кюармен төлейді. Салдарынан цифрлы төлемдердің үлесі 86 пайызға дейін өскен. Сондықтан салық органдары қаржы айналымының мақсатын тексеру маңызды дейді. Яғни, бұл бақылаудың салығын төлеп отырғандарға қатысы жоқ. Кәсібін жүргізіп, кірісін жасырғандарды анықтауға бағытталады.Ал салық саясатына селқос қараған мемлекеттік қызметкерлердің жеке дерегі жемқорлыққа қарсы агенттікке жолданады.

Айнұр Сартаева, ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:

Кез-келген адамның туысқаны бар, бауырлары бар. Баласына, әке-шешесіне аударып жатады ақшаны. Немесе туған күнге сыйлық ретінде достарына туыстарына аударып жатады. Немесе біреу қайтыс болып, батасын аударып жатады. Оларға ешқандай шектеу жоқ. Яғни, жеке мақсатта бұл аударымдарды пайдалануға болады.

Яғни, телефондағы қосымшалар арқылы жасалатын мобильді аударымды жиі қолданатын тұлғаның кәсіпкер екенін анықтау үшін мемлекекттік кірістер комитеті бақылау жасап отырады. Егер жеке тұлғаның үш ай қатарынан ай сайын әр түрлі адамдардан жеке банктік шотқа 100-ден астам аударым алғанын анықтаса, тексеру үшін салық органдарына жібереді.

Хабарламаларға жазылу