Ақын Шөмішбай Сариев өмірден озды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақын Шөмішбай Сариев өмірден озды

15.02.2021
Ақын Шөмішбай Сариев өмірден озды

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариев 75 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Бұл қаралы хабарды Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі растады.

Шөмішбай Сариев 1946 жылы 15 сәуірде Қызылорда облысында дүниеге келген. Еңбек жолын Қазалы аудандық «Ленин туы», Арал аудандық «Толқын» газеттерінен бастаған. Кейіннен «Қазақстан» баспасының редакторы, «Жұлдыз» журналы бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми, аға ғылыми қызметкері болған. 1971 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген.

«XX ғасырдың жиырмасыншы жылдардағы поэзиясы» атты монография жазған. Қазіргі уақытқа дейін М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болды. «Ғашықтар жыры», «Бозжорға» атты авторлық бейнетаспасы жарық көрді. Г.Гулиа, О.Берггольц, И.Абашидзе, С.Викулов, А.Дементьев, Ф.Алиева, Р.Рождественский, М.Эминеску, т.б. ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударған.

Алғашқы жыр жинағы 1974 жылы «Балдәурен» деген атпен жарық көрген. Содан бергі аралықта қазақ, орыс тілдерінде он бес шақты кітабы шықты. 1994 жылы «Жазушы» баспасынан таңдамалы өлеңдер томдығы, 1992 жылы «Сүйінші» деген атпен ән өлеңдері жеке жинақ боп басылған. «Тарлан» сыйлығының иегері. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.


Хабарламаларға жазылу