Өндірушілерге халал сертификатын беретін ұйымдардың өзі тексеруден өтеді. Бұл туралы ұлттық аккредиттеу орталығының өкілдері мәлімдеп отыр. Себебі, бұған дейін тауардың адалдығын анықтайтын мекемелер мемлекеттік органның бақылауында болмады. Салдарынан жалған ұйғарым шығаратын ұйымдар көбейген. Ал халықтың халал өнімге деген сеніміне селкеу түсті.
Раушан Сайлауқызы, тілші:Мұсылман қауымы үшін, құс пен мал етінен бөлек, дәрі-дәрмек, косметика, қамыр мен жарма, кондитерлік өнімдер, тіпті ауыз судың өзі халал болуы тиіс. Бүгінде халал деген мөрі бар өнімдер қай орында болмасын, самсап тұр. Мәселен, шұжықты алайық. Кейбірінде халал деген жай ғана жазу бар. Кейбірінде мөрдің бірнеше белгісі бар. Дегенмен, таңдауға келгенде халық қай өнімге, қандай белгіге сенерін білмейді.
Кәрім Ғалиев адал асқа баса мән береді. Өйткені, азықтың тазалығы – тәннің саулығына ғана емес, тәлім-тәрбиеге де әсер ететінін жақсы түсінеді. Сондықтан өнімдегі мөрдің растығына көз жеткізбей қоймайды.
Кәрім Ғалиев, қала тұрғыны:Халал деген бірнеше белгісі бар. Ойыма алып, тексеретін жерге тексерттім. Бірақ ішінде шошқаның еті болып шықты.
Бірақ, «халал» деген қасиетті сөз бүгінде кәсіпті жүргізудің оңтайлы жолына айналғандай. Жалған белгімен жұмыс істеп жүргендер азаяр емес.
Айбек Аташев, ҚМДБ «Халал даму» директоры:Кейбір кәсіпкерлер, кәсіпорындар, өкінішке орай мұны бизнес көзіне айналдырғысы келеді. Интернеттен біздің белгіні көшіріп алып, жапсырып қоюды тоқтатар емес.
Елімізде кәсіп иелеріне халал сертификатын беретін ресми 5 мекеме бар. Олардың өнімдерді қалай тексеретіні, мөрге рұқсаттың қалай беретіні бүгінге дейін мемлекеттің қадағалауында болмаған. Есесіне, Еуропа халал астың қадірін ерте түсінгендей.
Марат Сәрсенбаев, «Қазақстан халал индустриясы» қауымдастығының төрағасы:Еуропада мемлекет таппайсыз, халал комитеті жоқ деген. Бәрінде бар. Бәрі аккредиттелген. Сондықтан бұл мәселе біз үшін қажет.
Шетел тәжірибесі енді бізге де жетті. Әуелі мемлекеттік стандарттар қабылданбақ. Бұдан әрі өнімнің халал екендігін тексеретін компаниялардың өзі де бес жыл сайын аккредиттеуден өтуі тиіс.
Алмат Орынғалиұлы, Ұлттық аккредиттеу орталығы департаментінің басшысы:5 жылдың ішінде екі инспекциялық тексеру жүргізуіміз тиіс. Инспекциялық тексеру кезінде қандай да бір ақаулықтар сәйкессіздік табылса, аккредиттеу аттестаты қайта алынады, аккредиттеу аттестаты қайта алынғаннан бастап сертификаттау ұйымы жұмысын жүзеге асыра алмайды.
Келешекте аккредиттеуден өткен компанияларға берілетін ортақ белгі әзірленуі мүмкін. Бұған қоса тексеруден өткен мекемелер арнайы электронды базада тіркеледі. Оны халық ашық порталдан көре алады.Осылайша жаңа бастама - халалға сұранысы бар, бірақ күмәні сейілмеген тұтынушылардың мүддесін қорғауға сеп болмақ.
Раушан Сайлауқызы