Президент Ғалымжан Пірматовты қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Ғалымжан Пірматовты қабылдады

09.02.2021

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы коронавирус пандемиясына қарамастан алдына қойылған барлық міндетті орындады. Бұл жөнінде Мемлекет басшысының қабылдауында болған акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы мәлім етті. Ғалымжан Пірматов атқарылған жұмыстар жайында есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы баяндады. Атом компаниясы үшінші жыл қатарынан уран өндіру және сату көлемі бойынша әлемдік нарықтағы көшбасшы мәртебесін сақтап отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Ләззат Рамазанованы да қабылдады. Кездесуде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа жол бермеуге, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған заңнама нормаларын жетілдіру мәселелері қарастырылды. Президент заң жобасын пысықтауға орталық және жергілікті атқарушы органдардың бәрі жұмылдырылуы тиіс деді. Және Отбасы институтын барлық деңгейде нығайту мәселелері бойынша мекемеаралық өзара іс-қимылдың тиімді регламентін әзірлеу қажет деп қосты. Еліміздің қоғамдық-саяси өміріне әйелдердің араласу мәселесі де қозғалды.

Ләйлә Дулатқызы


Хабарламаларға жазылу