Басты Жаңалықтар Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге арналған комиссия отырысы өтті

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге арналған комиссия отырысы өтті

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті.

Бостандық – бодандықтан да қатты сыналады. Елдің азаттығына аттай 30 жыл. Осы аралықта толдық, есейдік, аяқтан нық тұрдық. Яғни, орда бұзар кезең. Енді бастағы бақты тайдырып алмай, қамал алуға қамданған жөн. Қуана білмегенге құт қонбайды. Қуану да керек. Бірақ, мерекенің мәнін ұғынып, игілікті істермен астастыру керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Ел тарихындағы елеулі мереке кезінде құр даңғаза мен ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Әрбір шараны елге пайдасы тиетін нақты істерге ұластыру қажет. Экономика, әлеуметтік сала, білім, ғылым және басқа да бағыттар бойынша тың жобалар қолға алынады. Тұтас мемлекетті қамтитын ауқымды іс-шараларды өткізген кезде айқын көзқарас, нақты ұстаным болуы шарт. Себебі өңірлердің бәрі орталыққа бейімделіп жұмыс істейді. Сіздерден бағдар алады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек.

Демек, бүкіл әлем дерттен деміккен тұста даңғазалыққа жол жоқ. 30 жылдық жоспарды жеті рет өлшеп, бір кескен абзал. Қазына қаржысына қарын тойдырып, аяқ босатуға болмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Қаржыны оңды-солды жұмсап, ұлан-асыр той жасайтын уақыт емес, тиімсіз форумдар мен конференциялар өткізудің қажеті жоқ. Халықтың әлеуметтік жағдайына баса мән беру керегін, елдің тұрмысы түзелмесе, жетістіктерді мақтан етудің қажеті жоқ. Сонымен қатар мемлекеттік аппарат осы сенім мен үмітті ақтауға тиіс.

Үкімет үмітті ақтау үшін әлеуметтің мәселесіне үңілуі керек. Тәуелсіздіктің игіліктерін әр қазақстандық сезіне алса ғана – мақсаттың орындалған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Үкімет менің тапсырмам бойынша Әлеуметтік кодекстің жобасын дайындап жатыр. Кодекс азаматтардың, әсіресе, көмекке мұқтаж адамдардың сұранысына толық сай келуі керек. Министрлер мен әкімдлер халық үніне құлақ асатын беріс ұстануы тиіс. Яғы ең бастысы тәуелсіздіктің игіліктерін сезіне алатын болса мақсатымыздың орындалғаны.

Алдағы 10 жылда ұлттың жаңа болмысы қалыптасады. Осындай батыл ұстаным бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Бұл ретте саяси реформаның үшінші кезеңін жүзеге асыру жалғасады. Соның аясында қоғамды демократияландыруға бағытталған бірқатар заң қабылданады. Алдағы он жылда елдің жаңа келбетін және ұлттың жаңа болмысын қалыптасуы керек.

Өңірлер арасында әлі де теңсіздіктер бар.Бұл тұтас елдің дамуына тосқауыл. Әр ауыл мен қала бірдей өсуі тиіс. Және кәсіпкерлікті кеңейту - кемелдіктің бастауы. Президент алдағы 4 жылда 5 триллион теңгеге бағаланатын мемлекеттік активтер жекешелендірілетінін айтты. Яғни, «Халықтық IPO» бағдарламасын жаңғыртып, әрбір қазақстандықтың ұлттық байлығымыздың бір бөлігіне ие болуға мүмкіндік беріледі. Сосын мерейтой аясында атқарылатын шаралардың дені – жастарға арналуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл, әсіресе, өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзірленеді. Енді жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосылады. Қазір жастар саясатына қатысты заңдарға түзетулер енгізіліп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз. Бағыт бытыраңқы жобаларды тоғыстыру керек. Сонда жұмыс жүйелі болады.

Елді дамытудың жаңа қыры - креативті экономика. Оны жасауға талантты жастарды тарту керек. Өйткені, креативті индустрия әлемдік экономикада ең жылдам дамып жатқан сегмент. Осы ретте Мемлекет басшысы Үкіметке стратегиялық тұрғыдан маңызды саланы кешенді түрде дамыту жоспарын ойластыруды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Біз ел дамуына жас таланттарымыздың белсене араласуына баса назар аударуымыз керек. Олардың әрқайсысы Отанымыз жеткен жетістіктерге қатысы бар екенін сезініп, табыстарын мақтан тұтуы керек. Ол үшін біздің қоғамда да меценаттық пен қайырымдылықтың дәстүрін біртіндеп дамыту қажет.

Ірі жобаларды жүзеге асыруға ұжымдық рухты қалыптастыру керек. Краудфандинг ұғымы бізге таңсық болғанымен, мағынасы ежелден таныс. Бұл қазақ танымындағы – асармен астасып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Бүкіл әлемде ұжымдық ынтымақтастықтың бір түрі ретінде краудфандинг бағыты танылып келе жатыр. Оны азаматтардың қоғамдағы өзекті проблемаларды шешуге қатыстырудың негізгі бағытының бірі ретінде бағалады. Сонымен қатар Astana Hub технопаркінің базасында бірыңғай краудфандинг тұғырнамасын жасаудың мүмкіндігін қарастыру керек.

30 жылдыққа арналған кез келген шара халыққа рухани серпіліс беруі тиіс. Ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың еңбегін насихаттауға басымдық беруілуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Биылғы мерейлі жылға бірнеше атаулы дата тұспа-тұс келіп отыр. Жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығы, тағы басқа бірнеше тарихи тұлғаның мерейтойы. Біз былтыр Абай мен Әл-Фарабидың мерейтойларын өте мағыналы өткіздік. Олардың тұлғалық келбеті мен өмір жолы, еңбектері халыққа үлкен ой салды. Бұл тәжірибені алдағы уақытта да ұстанған жөн.

Мемлекеттік нышандарға құрмет - отаншылдықтың көрінісі. Рәміздерді қолдану ережесі қайта қаралды. Насихаттауға, шаттануға шектеу жоқ. Ал қазақ тілі – ұлттарды ұйыстыруы тиіс. Президент тіл үйренуге талпынған отандастарымызды қолдауға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Мемлекеттік тілді білетін әрбір азамат қазақша үйренгісі келген досымен, әріптесімен немесе танысымен өз білімін бөліссін. Мұндай игі іс бір-бірімізге қамқорлықты арттырып, бірлігімізді нығайта түсері сөзсіз. Латын қарпіне көшіп жатқанымыз Тәуелсіздіктің жемісі.

Көрікті жерлер жыл өткен сайын жұтап барады. Соған алаң Президент «Таза табиғат» жобасын жүзеге асыруды ұсынды. Осы ретте Ұлыстың ұлы күнін жаңаша атап өту туралы ойымен де бөлісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Бабаларымыз Әз Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Осы тамаша дәстүрді жаңа қарқынмен жалғастырайық. Табиғатты тазалап, қоршаған ортаны көгалдандыруды қолға алайық. Мұндай шараларды барлық аймақта ұйымдастыруымыз қажет. Бұл – ата салтымыз әрі ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің ең тиімді жолы.

30 жылдық белестің мәнін халыққа түсіндіру де маңызды. Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Тұңғыш Президенттің тарихи рөліне ерекше тоқталды. Елбасы саясатының сабақтастығы барлық іс-шаралардың идеологиялық өзегі болуы шарт.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Тәуелсіздікті атап өткенде тәлімдік, тәрбиелік мәні бар ақпаратты ұсынып, жұртты тартатын жаңа стильді, жаңа форматты көбірек енгізу қажет. Әр жерде өткізілген іс-шаралар туралы құрғақ есептің қажеті жоқ. Елге өзгеріс әкелмесе, мыңдаған мадаққа толы мақалалардан еш қайыр болмайды.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
-Президент Үкіметке республикалық штабпен бірлесіп, аталған ұсыныстарды Мерекелік жоспарға және Идеологиялық картаға енгізуді тапсырды. Сонымен бірге, мереке қарсаңында «Қазақстан Республикасының 30 жылдығы» мерейтойлық медалі шығарылады.

Асима Нұрбайқызы


Бөлісу