Бас қалада пластик қалдықтардан көше жиһаздарын жасайтын кәсіпорын жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бас қалада пластик қалдықтардан көше жиһаздарын жасайтын кәсіпорын жұмыс істейді

02.02.2021

Қоқыстың өзінен қоқыс жәшігін жасауға болады. Елордада пластик қалдықтардан түрлі көше жиһаздарын жасайтын кәсіпорын жұмыс істейді. Ашылғанына 6 ай болған мекеме мамандарды жұмыспен қамти отырып, экологияға зиянды заттарды кәдеге жаратады. Карантинге байланысты, түрлі қиындықтарға қарамастан кәсібін дөңгелеткен ұжымның жұмысымен Раушан Сайлауқызы танысып қайтты.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
-Егер сіздің үйіңізде мынадай жәшік, канистрь немесе мынадай целлофан болса оны қоқысқа тастауға асықпаңыз. Себебі, бұлардан мынадай орындық немесе, қоқыс жәшігін жасауға болады. Мысалы, мына орындықтың салмағы шамамен 150 келі. Шоқ түссе жанбайды. Жел соқса ұшпайды. Ал қалдықтарды қажетті заттарға айналдырудың құпиясы мына есіктің ар жағында.

Бұл мына үш азаматтың бастамасы. Өткен жазда көп саланың жұмысы тұралаған кезде шағын кәсіп иелерінің сағы сынбады. Шетелден құрылғылар алды. 6 адамды жұмыспен қамтыды. Бұдан әрі мейрамханалар мен көлік жөндеу орталықтарынан қалдық қабылдап, жұмыстарын бастап кетті. Ал өнім шығаруға полиэтилен мен құм болса жеткілікті. Бір өнімнің 30 пайызы пластиктен тұрады.

Тимур Үкібаев, компанияның сату бөлімі бойынша жетекшісі:
-Алдымен пластика заттарды қабылдап, ұнтақтауға жібереміз. Одан соң үгітілген полиэтилендерді құмға араластырамыз. Араласқан ұнтақты мына қызып тұрған пешке салынады. Бұдан пластилинге ұқсас дайын өнім шығады. Оны арнайы формаға салып кескен соң кепкенін күтеміз.

Бұдан әрі арнайы құрылғының көмегімен қажетті өнімнің пішіні жасалады. Қатқан тақтайшалар әбден суыған соң, қолмен өңделеді. Түрлі - түске боялады. Дайын өнім тапсырыс берушіге жеткізіледі. Көбінесе құрылыс пен абаттандыру компанияларынан сұраныс жоғары.

Руслан Урунтаев, компания басшысы:
-Ресейден тәжірибе жинап көзбен көріп келдік. Біздің елде мұндай кәсіп жоқтың қасы. Елге келіп, осындай істі бастап кеттік. Ерекшелігі сол, ыстық-суыққа төзімді, шірімейді, ескірмейді. Ұзақ жыл қолдануға болады. Бастысы, қоршаған ортаға зияны жоқ. Табиғат ластанбайды. Ағаштардың кесілуі азаяды. Алғаш ашылғанда айына 50 өнім шықса, қазір 200-ге жуықтады. Болашақта тағы екі есеге арттырмақпыз.

Айтпақшы бұл мекеме, тұрғындардан қатты қалдықтарды қабылдауға дайын. Келісі 60 теңгеден басталады. Мұндағы технология түрлі туынды жасауға қауқарлы. Келешекте кәсіпорын тротуар плиткалары, жиектас, баған сынды 30 түрлі өнім шығармақ. Әрі өзге қалаларда филиал ашу жоспарланған. Дегенмен, бәрі тапсырысқа байланысты болмақ. Ашылғанына аз уақыт болса да кәсіпорыннан шыққан әдемі туындылар қазір бірнеше шаһардың көшелеріне көрік беріп тұр.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу