Ақмола облысында соңғы үш жылда мал азығына қаржы бөлінбеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында соңғы үш жылда мал азығына қаржы бөлінбеген

01.02.2021

Ақмола облысының шаруалары тығырықтан шығар жол таппай отыр. Өңірге соңғы жеті жылда мал шаруашылығы мен ет өндірісіне бөлінген субсидия көлемі тым аз. Ал кейінгі үш жылда мал азығына тіпті бір тиын да бөлінбеген. Шаруалар бұлай жалғаса берсе, өңірде төрт түліктің саны күрт азаяды деп дабыл қағуда.

Екі жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан Манат Көшкенов бірнеше адамды жұмыспен қамтып, ет пен сүтті саудаға шығарып келді. Алайда, шаруаның қазір шығыны көбейді. Сондықтан мал санын ұлғайта алмай отыр.

Манат Көшкенов, кәсіпкер:
-Мал азығы қымбат. 1 қаптың құны 3 мыңға жетіп қалады. Ал күніне 6-8 қап мал азығы керек. Бір республикада тұрамыз, демек бизнеске жағдайды да бірдей жасау керек. Көрші облыстарда мал азығына субсидия бөлінеді. Ал Ақмолада жоқ.

Ақмола облысындағы шаруашылықтар мен кәсіпорындардың субсидияға сұранысы биыл 13 жарым миллиард теңге көлемінде. Алайда, бюджеттен бұл қаржының жартысы да берілмеді. Бөлінгені тек - 4,6 миллиард.

Баян Сковородникова, «Флагман-Агро» ЖШС-нің өкілі:
-Бұл жағдай жыл да қайталанады. Былтыр 9,4 миллиард теңге берілді. Алайда, бұл барлығына жеткен жоқ. Мемлекеттік қолдаусыз қалғандар бар. Себебі субсидияға өтініш басқармада ақша болғанда ғана қабылданады.

Осы мәселеге алаңдаулы 33 шаруашылық тығырықтан шығар жол іздеп дал. Жақында олар өңірлік кәсіпкерлер палатасына ұжымдық арыз жолдады.

Жұлдызай Әубәкірова, Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:
-Малдардың жем-шөбіне жергілікті бюджеттен қарастырылған көмек. Бірақ Ақмола облысы бойынша мал азығына қаржы бөлінбейді жыл сайын. Және де ол жаңағы өнімділікті арттыруға кедергісін тигізеді.

Өңірдегі шаруалардың қажетін өтеуге жергілікті бюджетте қаржы жоқ. Оның үстіне, осыдан 7 жыл бұрын сұралған субсидия көлемі жылда сол күйі өзгеріссіз қалып келеді.

Қасым Итқұсов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
-2014 жылдан бері бюджетте қарастырылатын субсидия көлемі өзгерген жоқ. Ал өндіріс, мал саны еселеп ұлғайды. Сондықтан жыл да осындай мәселе. Былтыр Үкіметтен қосымша қаржы бөлу арқылы шешілді. Биыл да сұрап отырмыз. Министрлік те, Мәжіліс депутаттары да біледі. Мәселе оң шешіледі деп үміттенеміз.

Ал мал азығына биыл да субсидия берілмейді. Жем-шөп бағасы арзандамаса, бұл шаруашылықтар үшін қосымша шығын.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу