Аралда мал басы еселенген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аралда мал басы еселенген

17.02.2024

Қызылорда облысы, Арал ауданында соңғы екі жылда мал басы еселеп көбейіп келеді. Бірер жыл бұрын қуаңшылық жайлаған өлкеде тұяқ саны азайып, төрт-түліктің күйі қашқан еді. Содан бері шалғай ауылдарда ұңғымалар қазылып, жайылымдық жерлер суландырылды.

Биыл Аралда қыс ызғарлы, қар қалың жауды. Десе де далада жайылған төрт-түлік күйлі. Бабы келіскен малдың алды төлдеп жатыр.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Аралдық шаруалар соңғы жылдары малдың жайы жақсарғанын айтады. Төрт-түлікті түлетіп мал басы көбейіп келеді. Міне жаңа жылдың алғашқы төлдері де өсіп-жетілуде.

Екі жыл бұрынғы қуаңшылықта шығынға батқан шаруашылықтың бірі «Қамқор тұтыну» қожалығы. Сол кезде малға берер азық таппай, біразын сатып жіберіпті. Бірақ соңғы екі жылда ылғал мол түсіп, жайылымдық жерлер нуланды. Қалың қар астынан азығын тауып жеген төрт-түлікке қазір жем-шөп те көп беріп жатқан жоқпыз дейді шаруалар.

Ақсұлтан Зияғаладин, шаруашылық меңгерушісі:

Қуаңшылық кезінде біраз қиналған едік біраз төлден айрылып. Қазір енді жақсы енді шүкір. Ақбас сиырлар бар, жылқылардан мұғалжарларды әкеп жатырмын ірі-ірі. Түйелерден ару ана, нар соларды көбейтіп жатырмын.

Мал шаруашылығын өрістетуге жергілікті билік те қолдау көрсетіп, аудан көлемінде 13 жер асты су ұңғымасы қазылды. Содан бері жағдай түзеліп, екі жылда төл басы 15 мыңға дейін ұлғайды. Ауданда төрт-түлік өсірумен айналысатын шаруа қожалықтардың саны бүгінде 1180 ге жетті.

Бектемір Жұмағұлов, Арал ауданы әкімінің орынбасары:

Жалпы мал басының саны 235 мыңға жуықтады. Мал азығына қатысты бұрында аз көлемде қалыптасса енді жоңышқа егу, пресс басу деген сияқты. Бұл жұмыстарды сол қуаңшылық кезеңінен қолға алып, қазіргі таңда тұрғындардың көңілінен шығып отырған жағдайы бар.

Биыл өлкеде тағы 3 су ұңғымасы қазылып, жайылымдық, шабындық жерлерді суландыру жобасы жалғасады. Яғни, мал шаруашылығының өрісі әлі де кеңейе түспек.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу