Алматыда бір бригада күніне 60 адамға дейін екпе салады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда бір бригада күніне 60 адамға дейін екпе салады

27.01.2021

Өңірлер коронавирусқа қарсы екпе жасауға әзір. Мәселен, Алматыда бір бригада күніне 60 адамға дейін екпе салады. Ал, Павлодардың облыстық ауруханасына арнайы тоңазытқыштар сатып алынып, вакцина сақтайтын қойма жасақталды

Алматы қаласында әуелі инфекциялық ауруханалар, стационарлар, санитарлық бақылау мамандары мен жедел жәрдем қызметкерлеріне екпе салынады. Ақпан айында «Спутник V» вакцинасының 6 мың және шілде айына дейін 150 мың данасы мегополиске жеткізіледі. Күніне 60 адамға вакцина салуға мүмкіндік бар.

Нариман Табынбаев, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
-Осы айдың соңына дейін қалаға 1450 дана вакцина жеткізіледі. Препараттар №7 клиникалық аурухананың арнайы қоймасына сақталып, әрі қарай емханаларға сұранысқа сәйкес таратылады. Сондай-ақ еріктілерге салынған қазақстандық QazCovid-in вакцинасы клиникалық сынақтардың соңғы сатысынан өтуде. Мақұлданған жағдайда ол да емханаларға жеткізіледі.

Ал, Павлодар облысына «Спутник V» препаратының 80 мың дозасы бөлінді. Алғашқы мың данасы аймаққа 1-ші ақпанда жеткізілмек. Оларды сақтауға қажетті арнайы тоңазытқыштар мен мұздатқыш камералары дайын. Вакцина сақтайтын қойма облыстық ауруханада жасақталды. Қала мен аудандардағы медициналық мекемелер осы жерден келіп алады.

Гүлнар Бітікова, облыстық аурухана директорының орынбасары:
-Температуралық режим -15 пен-25 аралығында болуы керек. Осындай екі тоңазытқыш және 1 мұздатқыш бар. Одан бөлек тағы 3 мұздатқыш бар. Оларда препараттар нөлден -8 градусқа дейін салқындықта сақталады. Медициналық мекемелер өздерінің термоконтейнерлерімен келеді. 1-ші ақпанда вакцина осы жерде болады.

Бүгінгі күні аймақта 90-нан аса арнайы кабинеттері жасақталды. Екпе салатын мамандар жедел курстарда оқыды.

Маңғыстауда да 10 егу бөлмесі дайын тұр. Оның 2-еуі Ақтауда, 3-еуі Жаңаөзен қаласында. Бес ауданда да бір-бірден арнайы кабинеттер әзірленді. Вакцинаны сақтайтын мұздатқыштар жеткіліксіз болғандықтан қосымша жабдықтар сатып алынбақ. Алғашқы болып, мыңға жуық медицина қызметкері екпе салдырады.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу