Тұрғындар жаппай екпе алып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрғындар жаппай екпе алып жатыр

16.07.2021

Елімізде азаматтарды жаппай вакцинациялау қарқын алып келеді. Мысалы, қазір Қостанай облысында бір күнде шамамен 5 мыңға жуық адам екпе алып жатыр. Өңірде 200-ге тарта вакцинациялау пункті жұмыс істейді. Сонымен қатар шалғай ауылдардың тұрғындарын қамту үшін арнайы жабыдықталған жылжымалы кешендер жұмыс істейді.

Жылжымалы кешен келіп тоқтаған кезекті елді мекеннің бірі Ұзынкөл ауылы. Мұнда өз қалауымен кез-келген тұрғын вакцина ектіре алады. Алайда дәрігерлер алдымен келушінің денсаулығын тексеріп барып, егер жағдайы қалыпты болса вакцина салады.

Нелля Дублян, Ұзынкөл ауылының тұрғыны:
Жағдайым қалыпты. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Алып-қашпа сөзге сенудің қажеті жоқ. Мен барлық азаматтарға тезірек вакцина салдыруға кеңес беремін. Себебі адамзаттың індетке қарсы жалғыз қаруы осы.

Ақпан айынан күні бүгінге дейін Қостанай облысында вакцинаның бірнші компонентін 200 мыңнан, екінші компонентін жүз мыңнан аса адам алған. Бұл індетке қарсы екпе алуы тиіс тұрғындардың қырық пайызынан асады. Мамандардың айтуынша, облыста вакцина қоры жеткілікті.

Сыр өңірінде 198 мың адам вакциналаудан өтті. Тұрғындардың екпе алуда белсенділігі жоғары. Аймақта күніне 3 мың адам антивирус алуда. Әсіресе, сауда орталықтарының сатушылары жаппай екпе алып жатыр. Бүгінде бірқатар жабық базарларда саудагерлердің 80-90 пайызы вакцина қабылдап үлгерген. Сондықтан, кәсіпкерлер індеттің алдын алуда қалыс қалып жатқан жоқ дейді базар басшылары.

Зарина Ризванова, сауда орталығы директорының орынбасары:
 «Сыбаға» базарында 570 жалға алушы жұмыс істейді. Бізде бар мәлімет бойынша, осы кезге дейін 534 адам екпе салдырды. Яғни, саудагерлеріміздің басым бөлігі екпе қабылдады. Ал қалғандарының белгілі себептері бар. Созылмалы ауруы бар және де аяғы ауыр әйелдер медициналық шегініс жасады.

Солтүстік Қазақстан облысы екпе алғандар көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы қатарда келеді. Өңірде 70 вакцинация пункті демалыссыз жұмыс істеп тұр. Аудандардың барлығы жылжымалы медициналық бекетпен қамтылған. Екпенің толық курсынан өткендер саны 100 мың адамға жақындады.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу