Ішімдік ішіп алып, тұрғынға қоқан-лоқы көрсеткен ауыл әкімінің орынбасарына қатысты іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ішімдік ішіп алып, тұрғынға қоқан-лоқы көрсеткен ауыл әкімінің орынбасарына қатысты іс қозғалды

20.10.2017

 

Батыс Қазақстан облысында  ауыл әкімінің орынбасары  ішімдік ішіп алып, жұмысшыларға қоқан-лоқы көрсеткен. Мемлекеттік қызметкердің бұл қылығына наразы болған  кәсіпкер құзырлы мекемеге шағымданды. 

 

Алайда, осы оқиғадан кейін әкім орынбасары қызметінен қуылудың орнына өзге ауылдық округтың басшысы болып сайланады. Қазір осы мәселеге қатысты Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті тексеру жүргізіп жатыр.  

 

Ішімдікке тойып алған - Сырым ауданы Жымпиты ауылы  әкімінің орынбасары.  Қайырбек Аманғалиев жексенбі күні кешкісін жұмыс істеп жатқан құрылысшыларға келіп килігеді.

 

Бұл кезде жеке кәсіпкер жұмыскерлерімен ауылдағы саябақты қоршап жатқан. Қоғамдық бақылау жүргізіп жүрмін деп, құрылысшылардың мазасын алған әкім орынбасарының үстінен кәсіпкер құзырлы мекемеге шағым түсірді. 

 

Нұрлы Қуанова, кәсіпкер:

Кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің орнына мемлекеттік қызметкерлер қысым көрсетіп, біздің жұмысымызға кедергі жасап отыр.

 

Арада  екі ай уақыт өтсе де, жазаланған әкім орынбасары жоқ. Қайта осы оқиғадан кейін  мемлекеттік қызметкердің лауазымы өсіп шыға келді.

 

Тентек су ішіп жұртқа киліккен әкім орынбасары  қазір Елтай ауылдық округін басқарып отыр. Бірақ ол өзін кінәлімін деп есептеймейді.

 

Қайырбек Аманғалиев, Елтай ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы:

Еңбек демалысында болғаннан кейін тексеруге бардым. Демалыста болған соң, енді тойып алып ішкен жоқпын. Бірақ аздап, кішкене демалып шықтым. Бірақ мас емеспін. Мен кінәлімін деп есептемеймін. Себебі бағананы бұзған жоқпын, ар-намысын таптайтындай боқтаған жоқпын. Балағат дегенде ол сөзді ауызекі тілде бәрі де айтады.

 

Қазір осы оқиғаға байланысты құзырлы орган мамандары тексеріс жүргізуде.

 

Думан Ерманов, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл агенттігі облыстық  департаментінің бас маманы:

Бүгінгі күні прокуратура органдарында арнайы тексеру актісі тіркеліп, тексеру жүргізілуде. Қорытындысы бойынша жауабын береміз.

 

Өрескел қылық көрсеткен мемлекеттік қызметкер жазадан құтылмауы керек дейді шағымданушы тарап. Оспадар әкімнің жәйі тексеріс қорытындысынан кейін белгілі болады.

 

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу