«Орал» әуежайында ұшақтың апатты жағдайда қонуына құстың себеп болғаны расталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Орал» әуежайында ұшақтың апатты жағдайда қонуына құстың себеп болғаны расталды

11.10.2017

Қазір осы оқиғаға қатысты Азаматтық авиация комитетінде құрылған арнайы комиссия тергеу жүргізуде. Мамандар әуе оқиғасының толық себебін ашып айтпады. Белгілісі, ұшаққа 300 метр биіктікте құс соғылған. Әуе көлігі айлаққа шассиі ашылмаған күйде кешкі сағат 18.56-да қонған. Әуежайдың ұшып-қону жолағын шолуға шыққан ұшақта 3 адам болған. Зардап шеккендер жоқ. «King Air» маркалы ұшақ 1998 жылы шығарылған. Соңғы рет осы жылдың сәуірінде Германияда күрделі жөндеуден өткен. 2018 жылға дейін ұшу жарамдылығы жайлы сертификаты бар. «Әдетте тергеуге 30 күн кетеді», - дейді мамандар. Ұшақ АҚШ-та, ал, қозғалтқышы Канадада жасалған. Сол себепті,  ол жақтан мамандар шақыртылатын болса,  тергеу ұзаққа созылуы мүмкін. 

Жәнібек Тайжанов, ҚР ИДМ Көлік апаттары мен оқиғаларын тергеу департаменті директоры:

- Комиссия ұшақтан «қара жәшікті», соның ішінде өлшемдерді және дауыс ақпаратын тіркейтін құралдарды алды. Мамандар өз жұмысын әрі қарай да жалғастырады. Тергеу аяқталған соң, оқиғаның нақты себебі көрсетіледі. Ал, әзірге ілеспе себеп ретінде – ұшаққа құстың соғылғанын ғана айта аламыз.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу