Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді

26.01.2021

Елімізде жаңа агенттік құрылады. Ол экономикалық қылмыстарға қарсы күресіп, көлеңкелі бизнесті жоюы тиіс. Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан жасақталған министр мен әкімдерге экономикалық өсімді қалпына келтіріп, жұртты жұмыспен қамтуға қатысты өзге де тапсырмалар жүктеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау саласының ақсап тұрған тұстарына да тоқталды. Былтыр елімізде 150-ден астам ана көз жұмған. Бұған жол бермеу керек деген президент реанимациялық бөлімдерді арттыруға тапсырма берді. Оның үстіне Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек қымбатшылығына жол бермей, вакцина егу жұмыстарын тыңғылықты атқаруы тиіс.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл мәселе бойынша тек Денсаулық сақтау министрі ғана емес, әкімдер де жалпыға ортақ вакцинация өте маңызды мәселе екенін ескеруі керек. Бізге азаматтарды вакцинациядан өткізуде өте салмақты, ойластырылған, қыр-сыры ескерілген жоспар қажет. Дүрбелең болмас үшін бұл салада ескеретін мәселелер көп. Вакцинация эпидемиологиялық ахуалды түзеуі керек.

Әрі Үкімет биыл да кәсіпкерлерге қолдауды арттырып, шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 30 пайызға жеткізуі керек. Бұл ретте бизнес бастау бағдарламасының аясын кеңейту көзделіп отыр. Әрі пос-терминал мен кассалық аппараттарды пайдаланатын кәсіпкерлерді есеп беруден арылмақ. Сондай-ақ президент мемлекеттік сатып алуларда отандық тауарларға басымдық беріп, бюджет қаржысын үнемдеуге шақырды. Әсіресе мемлекеттік мекемелер қымбат қызметтік көліктерден бас тартуы тіис. Осы ретте еліміз биыл тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлайтынын айтқан мемлекет басшысы оны, даңғазалық пен ысырапсыз өткізуге тапсырма берді. Білім саласында да атқарылар шаруа көп. Биыл екі жүз мектеп бой көтеріп, сапасыз жоғары оқу орындары жабылуы керек. 

Досжан Маратұлы

Үкімет отырысы

Хабарламаларға жазылу