Министрлік бекіткен шекті бағаға дәріхана иелері қарсылық білдіруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Министрлік бекіткен шекті бағаға дәріхана иелері қарсылық білдіруде

21.01.2021

Дәрі-дәрмек бағасына қатысты тағы да дау. Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі ковидке қарсы дәрілерге шекті баға бекіткен. Бірақ, оған дәріхана иелері қарсы шықты.  

Бүгін 200-ден астам дәріге шекті баға қою туралы денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы күшіне енді. Алайда, дәріхана иелері министрлік бекіткен бағалар нарық заңына сай емес,-дейді.

Талғат Омаров, дәріхана иесі: 
«Сумамедты» алайық. Біз өзіміз 4600 теңгеге сатып аламыз, соның бағасын 3641 теңгеге түсірген. Көрдіңіз бе 1000 теңге шығынға батамын. Сондықтан сатпаймын. Мен сияқты бүкіл Қазақстанның дәріханалары сатпай қоятын болса, ертең халыққа дәрі жетпей қалатын қаупі бар. 

Осы кәсіппен 20 жылдан бері айналысатын Марал Сайлаубаева министрлік бұйрық шығармас бұрын нарықты зерттемеген деп есептейді. Мәселен, дәріханалар аталған дәрілерді жазда көтерме бағаның өзі шарықтап тұрған кезде сатып алыпты.

Осындай мысал көп. Дәріхана иелері парацетамолды 70 теңгеге алса, министрлік бекіткен баға 35 теңге. Ал, асперин 35 теңге тұрса, оны 29 теңгеге, 600 теңге болатын кардиомагнилді 483-тен сату міндеттеліп отыр. КСМ: Дәріхана иелері аталған бұйрықтың күшін жоюды немесе мерзімін үш айға шегеруді сұрап отыр. Алайда, министрліктің де айтары бар.

Ботагөз Сыздықова, ҚР ДСМ дәрі-дәрмек саясаты департаменті директорының міндет атқарушы:
-Бұл шешім халықтың құқығын қорғау үшін қабылданды. Өйткені, коронавирус өршіген кезде дәрі-дәрмек негізсіз қымбаттады. Ал, тексеру жұмыстары тек дәріханаларға емес, өндірушілерге де, көтерме бағамен сатушыларға да жүргізіледі. Дәріхана иелерін алаңдамауға шақырамыз. Өйткені, әр жағдайда қатысты жеке талдау жасалады.

Бұйрық күшіне енді. Бірақ, дәріханалар бағаны түсірмеген.

Көпшілік бағадан өзгеріс байқамаған. Олардың ойынша мың құбылатын дәрі бағасын үнемі бақылауда ұстау қажет

Амангелді Сейітхан, тілші:   
Осылайша, мәселе күрделі күйде қалып отыр. Егер шемімін таппаса, тағы да халық зардап шегеді. Өйткені, дәріхана иелері министрлік бекіткен бағаға дәрі сатпаймыз,-деп кесіп айтты. Онда қолдан жасалған тапшылық қайталану мүмкін. Бірақ, Денсаулық сақтау министрлігінің сөзінше бірыңғай дистрюбитердің қоймаларында қажетті дәрі жеткілікті. Егер, ол қор да азайып жатса, аймақтарда жергілікті бюджет есебінен тұрақтандыру қорлары құрылмақ. 

Амангелді Сейітхан


Хабарламаларға жазылу