Фармацевтер шығынға батып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Фармацевтер шығынға батып жатыр

19.12.2022

Елімізде шағын дәріханалар иелерінің банкротқа ұшырау қаупі төніп тұр. Себебі ірі компаниялар дәрі-дәрмекті төмен бағамен сатып жатыр. Ал өз күшімен нәпақа тауып жүрген кәсіпкерлер дәрілік заттарды шекті бағадан жоғары сату мүмкіндігі болмағандықтан, шығынға батуда. Шағын дәріхана қожайындары бұл нарықтағы әділетсіз бәсекелестікке әкеп соғатынын айтады. Тақырыпты Ламбриан Топузидис тарқатып айтады.

Атыраулық Гүлшара Есқалиева қазіргі талаптардан шағын бизнес тұншығып жатқанын айтады. Себебі бөлшек саудадағы субъектілер дәрі-дәрмек бағасының шекті мөлшерін 35 пайыздан асырмауы керек.

Гүлшара Есқалиева, дәріхана иесі:
Заводтың бағасына көтерме өндірушілер 70-80 пайызға дейін қоса алады. Бізге бөлшек саудаға 20-30 әрі кеткенде 40 процент болады. Көп дәрінарықтан кетіп қалды. Халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету өте төмен.

Көтерме компаниялардың шағын дәріханалардың жұмысына балта шапқанын тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының өкілдері де айтып отыр.

Талғат Омаров, Қазақстан тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының жетекшісі:
Олар өйткені дәріханалардың жабылуын қалайды. Солардың орнына келіп, өздері сауда жасаса бір жағынан өндіруден үстіне 70-80 пайыз баға қосылады. Екіншіден, дәріханалар желілерінен тағы 20-30 пайыз қосылады. Сонымен 100-120 пайыз қосып, сата алады.

Елімізде барлығы 7 мыңнан астам дәріхана бар. Олардың тек жартысы ғана шағын кәсіпкерлердің қолында. Сондықтан дәрі-дәрмектің бағасы бәріне бірдей болуы үшін құзырлы органдар бағаны реттеуге жататын дәрілік заттардың тізбесін бекітіп, кей препараттарға бағаны өсірмеуді шақырды. Қазір дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарының шекті бағасының асып кетуіне қатысты шағымдар көптеп түседі.

Ләззат Қашқымбаева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары:
Олар өндірмейді. Олар тек өндірілген дәрілік заттарды сата алмайды дегенге келіспеймін, өйткені олар өндірілмейді. Олар көтерме саудадағы дәрілік заттарды олармен енді келісімшарт арқылы алып, ары қарай өздерімен жұмыс атқарады.

Көтерме компаниялардың жасап жатқан әрекеттерінен Алматыда 50 шақты шағын дәріхана жабылды. Кәсіпкерлер заңсыз бәсекелестіктің жолын кесуді сұрайды.

Ламбриан Топузидис


Хабарламаларға жазылу