Павлодарлық фермерлер техниканы жаңартуға берілетін субсидияны ала аламай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарлық фермерлер техниканы жаңартуға берілетін субсидияны ала аламай отыр

30.03.2022

Павлодарлық фермерлер техниканы жаңартуға берілетін субсидияны ала аламай отыр. Көктемгі егіс тақағанда шаруаның қолы неге байлаулы?

Павлодарлық фермерлер техниканы жаңартуға берілетін субсидияны толығымен ала алмай отыр. Салдарынан көктемгі егіске дайындық жұмыстары кешеуілдеуі ықтимал. Себебі, шаруалар министрлік бекіткен бағаға арзан техника таба алмаған. Ал, қымбатқа алынған құрылғының 25 пайызын мемлекет шекті бағадан асып кеткендіктен толық өтемей отыр, - дейді фермелер.

Азат Әміржанов алдымен қолындағы малды асылдандырды. Ендігі мақсаты айыр, күректен құтылып, жаңа техника сатып алғысы келеді. Қымбатына шамасы жетпегендіктен ауыл фермері ең арзанына ұмтылады.

Азат Әміржанов, фермер:

Жем-азық шашатын техниканы алып жатырмыз міне. Барлық ақшаны осыған салдық. Шамасы сол 15 млн. теңге тұрады. Қайтаратыны сол 900 мың теңге болып тұр. Шамасы сол 4-5 млн-ға тауып алу керексіндер деп тұр. Ондай бағаға техника жоқ қой.

Министрліктің нормативтік құжатында көрсетілген бағаға жем-азық үлестіретін техника алу мүмкін емес. Бұл «Жас кәсіпкер» бағдарламасына қатысушы Аяз Теміршотовқа да қолбайлау болып тұр. Ол бар қаржысына топырақ қопаратын соқа мен жем үгуге арналған қондырғы сатып алған. Субсидия ретінде қайтарылуы тиіс қаржының 25 пайызына жанар-жағармай аламын-деген жоспары орындалмайтын болды.

Аяз Теміршотов, фермер:

300 мың теңгеге ғана жем үгетін қондырғы алуға болады-деп норма белгілепті. Бізге сол бағаға тауып берсе аламыз. Бірақ жоқ қой сол. Біз 4 млн. теңгеге алдық. 380 вольттық кабеліне ғана 150 мың теңге төледім. Нормативтегі баға бойынша біз техника жаңарта алмаймыз.

Техника алуға берілетін субсидияның шекті нормативі 5 жылдан бері өзгермеген. Ал, бұл уақытта бағаның өскені өз алдына, кейбір техника түрлері мүлдем шығарылмайтын болды.

Азат сұлтанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің департамент басшысы:

25 пайыз субсидия кез келген техниканың жалпы құнынан емес, нормативтік тәртіп бойынша белгіленген бағаға сай беріледі. Норматив ең арзан немесе орташа баға жиынтығына қарап белгіленеді. Шағымдар көп болғандықтан қазір арнайы жұмыс тобы құрылды. Фермерлерге сонда арыз беруге болады.

Биыл аймақтың агроөндірістік кешенін дамытуды субсидиялау бойынша 24 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Оның 8 млрд-тан астамы инвестициялық, яғни, техника сатып алуға беріледі. Бірақ дәл қазіргі талап өзгермесе бұл қаржының игерілуі екіталай-дейді шаруалар.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу