Шығысқазақстандық жастар қар күреп жүрген жұмысшыларға ыстық шай таратты

14.01.2021

Шығысқазақстандық жастар шыңылтыр аязда қар күреп жүрген жұмысшыларға ыстық шай таратты. «Жылулық сыйла» акциясы облыстың барлық аудан мен қаласында өтіп жатыр. Тек Өскемен көшелеріне күнделікті 100-ден астам коммуналды қызмет жұмысшылары шығады. Олар ауа райына қарамастан аялдама мен жаяу жүргіншілер жолын қардан тазалап, мұзын ояды. Тазалыққа жауапты адамдарға волонтерлар ыстық шай мен тәттілер ұсынды. Сондай-ақ, аялдамада тұрған адамдарға да шай таратылды. Бүгін Шығыс Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы төмендеді. Сынап бағанасы -30 градусты көрсеткендіктен кей аудандарда оқушылар мен студенттер сабаққа барған жоқ.

Гүлсім Нұржақып, қалалық коммуналды мекеме жұмысшысы:
Таңғы 8:00-ден бастап кешкі 17:00-ке дейін жұмыс істейміз. Бұл тосынсый болды. Жастардың бізге деген жүрегінің жылулығы деп сезінеміз. 

Жақсылық жасап жарысайық! Осылай деген алматылық блогер аязда қар тазалап жүргендерге сусын мен бәліш таратып, желі қолданушыларын тәнті етті. Ол бұл әрекеті арқылы оқырмандарына ой салғысы келген.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу