Алматыда жұмысшыларға ізгі іс жасаған блогер көпшілікті сүйсінтті

14.01.2021

Мейірім – жүректен, қайырым – білектен. Алматыда қыстың қытымыр суығында қар күреп жүрген жұмысшыларға ізгі іс жасаған блогер көпшілікті сүйсінтті. Ал Шығыс Қазақстанда көше тазалаушыларға арналған «Жылулық сыйла» акциясы өтіп жатыр.  

Жан жылулығын сыйлау. Алматылық блогердің бұл әрекеті әп-сәтте әлеуметтік желіге тарап кетті. Әділет Рахметолла қайырымды ісі арқылы қоғам назарын аударып, қозғау салғысы келгенін айтады.

Шығыс Қазақстанның басым бөлігінде сынап бағанасы 30 градусқа төмендеп, көкшұнақ аяз бет қаратар емес. Әйтсе де, еңбегіне адал, көше тазалығына жауапты қызметкерлердің жұмысы бір сәтке тоқтаған жоқ. Лайықты еңбекті бағалаған жастар ыстық шай мен тәттілер ұсынды.

Гүлсім Нұржақып, қалалық коммуналдық мекеме жұмысшысы: 
-Таңғы 8-ден бастап кешкі 5-ке дейін жұмыс істейміз. Бұл өте тосын сый болды. Жастардың бізге деген жүрегінің жылулығы деп сезінеміз. Ол бір шыны шай болғанымен, маңызы жоғары. Былтыр да жастар осылай әкелген. Биыл да келді, рахмет. 

Ауыр еңбекпен адал ризық тауып жүргендерді қолдау - азаматтық парызым. Осылай деген Әділет Рахметолла адамдар бір-бірімен жақсылық жасап жарысса деген тілегі бар.

Қуан Нұрақын, Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу