Трамп жақтастары Капитолиді басып алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Трамп жақтастары Капитолиді басып алды

07.01.2021

Америкада Трамп жақтастары Капитолиді басып алды. Олар Байденнің сайлаудағы жеңісін ресми растауға жиналған Конгресс мүшелері мен сайлаушылар алқасын тоқтатпақ болған. Қақтығыс салдарынан төрт адам қаза тапты. Қазір бізбен байланыста Америкадағы тілшіміз Әлия Әшім. 

Әлия Әшім, тілші: 
-Халық қазір есеңгіреп қалды. Себебі, бұрын-соңды мұндай тәртіпсіздік, маңызды ғимарат - Капитолиді қиратып, есік-терезесін сындырып, басып алу жағдайы ешқашан тарихта болмаған. Міне, видеоларда анық көре аласыздар, жүзден аса Трамп жақтастары кәдімгідей дайындалып, шлем киіп, темір қару асынып алған. Олар Капитолиде Байденнің жеңісін ресми растау үшін жиналған Конгресс мүшелері, сайлаушылар алқасын тоқтату үшін темір қоршауларды сындырып, ғимараттың есік-терезесін бұзып кірген.  
Ғимараттың ішіндегі спикер мен өзге де шенеуніктер кабинетін қиратып жүрген топты полиция көз жасауратқыш газбен тоқтатпақ болған. Тіпті, оқ атқан. Сынған терезе арқылы басқа бөлмеге өтпек болған әйелді полицей атып тастады, хал үстінде жатқан әйелге көтерілісшілер алғашқы көмек көрсетіп жатыр. Бірақ келіншек сол жерде көз жұмды. Тағы үш адам ауруханада қайтыс болды. Бірнеше сағаттан соң, полиция Трамп жақтастарын түгел ғимараттан шығарды. 52 адам қазір қамауда.  
Билік басындағылар бұл бүлікке Трампты кінәлап отыр. Себебі, ғимаратты басып алмас бұрын Трамп жақтастарымен кездесіп, Капитолиде бүлік шығаруға шақырған. Қазір twitter, facebook youtube Трамптың тәртіпсіздіктен кейінгі видеоүндеуін өшіріп, twitter президенттің аккаунтын бұғаттап тастады. Кей бұқаралық ақпарат құралдары жеңіске бейбіт жолмен жете алмаған Трамп мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деп айыптап жатыр. Ал тәртіпсіздіктен соң жұмысын қайта жалғастырған Конгресс бірнеше сағат бұрын Байденнің жеңісін ресми растады. Енді Трамп сайлау нәтижесіне қарсы шағымдана алмайды. Ал қазір Вашингтонда коменданттық сағат енгізілді. Ұлттық Гвардия Капитолий маңын қоршап тастаған. Қазақстан азаматтарына да елшілік көшеге шықпау керектігін ескертті.   

Әлия Әшім 


Хабарламаларға жазылу