Коронавирустың жаңа штамы әлемнің 40-тан астам еліне тараған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Коронавирустың жаңа штамы әлемнің 40-тан астам еліне тараған

06.01.2021

Британиядан шыққан коронавирустың жаңа штамы әлемнің 40-тан астам еліне жетті. Бұдан бөлек Оңтүстік Африкада табылған инфекцияның тағы бір түрі 6 мемлекетте анықталған. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хабарлады. Сонымен қатар, ұйым коронавирустың шығу тегін зерттеу үшін Қытай тосқауыл болғанын айтты. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары коронавирустың қайдан шыққанын зерттеу үшін Қытайға бара алмай отыр. Ұйымның хабарлауынша, оларға елге кіруге рұқсат берілмеген. Қытай билігі болса мұны пандемия кезінде виза берудің күрделілігімен түсіндірді. Сонымен қатар, ұйым басшылығы вакцина мәселесінде мемлекеттерді бірлесе жұмыс істеуге тағы бір мәрте шақырды.

Тедрос Аданом Гебреисус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры:
-Барлық елдерді «вакцина тең бөлініп, таратылуы тиіс» деген қағиданы бұлжытпай ұстануға шақырамын. 30-дан астам мемлекетте қауіпті санаттағы адамдарға екпе егу жүріп жатыр. Басқа елдерге де жеткілікті болуы үшін, вакцина өндірісін арттыру қажет.

Ұлыбританияда өткен тәулікте 60 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталды. Елде соңғы сегіз күн қатарынан науқастар саны 50 мыңнан азаймай тұр. Жалпы Британияда халықтың 2 пайызы, яғни миллионға жуық тұрғын індетке шалдыққан. 

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі: 
-Бүгінге дейін Pfizer және Oxford/AstraZeneca екпесі 1 миллион 300 мыңнан астам адамға егілді. Алдағы үш айда вакцина салу қарқынын күшейтеміз. Мутацияланаған вирусты тоқтату үшін, шетелдік жолаушылар тест тапсыруға міндеттеледі.

Ал Германия карантин режимін қаңтардың соңына дейін ұзартумен қатар, талаптарды тағы күшейтті. Тұрғындарға үйден 15 шақырымға ұзауға тыйым салынып, қоғамдық орында бір адаммен ғана кездесуге рұқсат берілді.

Үшінші рет локдаун жариялаған Израиль де қатаң шектеулер енгізуге мәжбүр. Елде вакцинация қарқынды жүріп жатқанымен, науқастар саны күрт артқаны байқалып отыр.

Жансая Қапасқызы

Коронавирус жаңа штам Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ұлыбритания

Хабарламаларға жазылу