Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына тарихшы ғалымдар сараптамалық талдау жасады. Онда көтерілген тақырыптарға жеке-жеке тоқталып, әсіресе, тарихи ақтаңдақтарды түзету үшін архивтегі мәліметтерді мұқият зерттеу керегін айтты. Тарихты қайта жазып қана қоймай, оны ұрпаққа насихаттау, заманға сай ағартушылық жұмыстар жүргізу жолдары қаралды. Сондай-ақ, ел мүддесі үшін қызмет ететін жастарды қолдау туралы Президент бастамасы мен жалпы, мақалада қозғалған әрбір мәселе ел дамуы үшін орасан нәтиже әкелетін ұсыныс деп тұжырымдады.
Ерлан Сыдықов, тарих ғылымдарының докторы, профессор:-Әсіресе, тарих ғылымына тапсырма беріледі. Біздің тарихымыз өкінішке орай осы күнге дейін толық, жан-жақты, обьективті түрде жазылды деп айта алмаймын. Қазір қолымызды қағатын ешкім жоқ, жалтақтайтын жағдай жоқ.Роза Мұқанова, жазушы, драматург:-Ел ояну үшін, тарих ояну керек дейді. Өз тарихымызды бүтіндейтін, өзімізді өзіміз рухани дүниемізді түгендейтін уақыттың келгенін де баса назар аударып айтты. Осы бағдарлама деңгейінде жұмыс істеуіміз керек.
Мемлекет басшысының мақаласы – болашақты қалыптастыратын идеологиялық бағыт. Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин осылай деп пікір білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев егемен елдің үшінші онжылдықтағы нәтижелерін тізіп, жаңа кезеңге арналған даму басымдықтарын белгілеп берді. Әсіресе, саяси модернизация туралы тезисті ерекше атап өтуге болады деді ол. Ауыл әкімдерін сайлаған соң аудан әкімдерін таңдауға көшу механизмі тиімділігін көрсетсе, онда келесі деңгейдегі әкімдерді сайлауға көшу туралы шешім қабылданады. Бұл мақаланың маңызды аспектілерінің бірі - деді Ерлан Қарин.
Президенттің Тәуелсіздікті барлық қазақстандықтарды біріктіретін негізгі құндылық ретінде қарастырғаны өте маңызды деп түйіндеді.
Амангелді Сейітхан