Басты Жаңалықтар «Жақсылықпен кел, Жаңа жыл!». Ұлттық арнаның мерекелік тартуы

«Жақсылықпен кел, Жаңа жыл!». Ұлттық арнаның мерекелік тартуы

«Жақсылықпен кел, Жаңа жыл!». Ұлттық арнаның мерекелік тартуы

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының биылғы жаңажылдық басты жобасы бүгін 21:00-де «Жақсылықпен кел, Жаңа жыл!» атауымен эфирге шығады. Арна тележүргізушілері мен эстрада және кино жұлдыздарының қатысуымен түсірілген мерекелік бағдарлама төрт сағатқа жалғасады. 23:50-де қазақстандықтар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауынан кейін бағдарламаның жалғасын тамашалайды. 

Ұлттық арна кішкентай көрермендеріне де мерекелік тарту әзірледі. 31 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында «Disney» компаниясының анимациялық фильмдерінің апталығы өтеді. Бұл күндері әйгілі «Ұйқыдағы ару» («Спящая красавица»), «Мұзды өлке» («Холодное сердце»), «Джунгли кітабы» («Книга Джунглей»), «Бикеш пен Қаңғыбас» («Леди и Бродяга»), «Ральф Интернетке қарсы» («Ральф против Интернета»), «Көліктер-3» («Тачки-3») анимациялық фильмдері синхронды дубляжбен көрсетіледі.  

«Бизнес по-казахски», «Бизнес по-казахски в Америке» көркем фильмдері де телеэкранда алғаш рет қазақ тілінде ұсынылмақшы. «Қазақша бизнес» 31 желтоқсан 14:30-да, «Америкадағы қазақша бизнес» фильмі 1 қаңтар күні 23:30-да эфирге шығады. 

31 желтоқсан 16:10-да «Егіз лебіз» музыкалық талант-шоуының қорытынды гала-концерті өтеді. Онда жобадағы барлық қатысушылар өнер көрсетіп, ел тұрғындары Ұлттық арна эфирі арқылы күллі қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтайды. 

31 желтоқсан 18:15-те қазақстандықтар «Ázil álemi» театрының жаңажылдық бағдарламасын тамашалай алады. 2 қаңтар 20:00-де «Nur Tileý» бағдарламасының мерекелік шығарылымында әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Бесбаев қонақ болады. 

Мерекелік кестеге сонымен бірге Димаш Құдайбергеннің Нью-Йорктегі концерті, Ернар Айдардың «Қазақтың жігіттері» концерті, «Ән мен әнші» кеші енгізілген.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Жаңа жылда әр отбасына жақсылық, береке-бірлік тілейді және қазақстандықтарды мерекені үйде отырып қарсы алуға шақырады.

Бөлісу