Алматы облысына алғаш рет Шығыстың кер маралы әкелінді. Жануарларды жерсіндірген тұрғындар медициналық туризмді дамытпақ. Болашақта марал мүйізінен дәрі-дәрмек әзірлеп, осы бағытта алғашқы сауықтыру кешенін салу көзделген. Жоспар іске асса кәсіпкерлер марал санын арттырмақ ниетте.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:-Алтайдан келген кермаралдар дәл қазір Жетісу табиғатына мына қоршаудың ішінде жерсініп жатыр. Болашақта осы аймақта 10 гектар жерді қоршап, оларды емін-еркін жайылымға жіберу жоспарланып отыр. Себебі дәл осы жерде өсетін шөптердің емдік қасиеті мол.
Бұл жануарлардың басты ерекшелігі де сол. Тауда өсетін дәрілік шөптер мен жапырақтарды таңдап жейді. Қанына сіңіріп, мүйізіне жинайды. Ал мүйізін жыл сайын жаңартып отырады. Әзірше Ақсу ауданына 23 жануар әкелінді. Олардың 19-ы аналық бас. Тағы 30-ын алдыртпақ. Алайда мемлекет қолдауынсыз шаруаның қолы қысқа.
Берік Алдабергенов, шаруа қожалығының иесі:-Оған үлкен қаражат қажет. Аудан көлемінде, облыс көлемінде субсидия, басқа да қаржылай көмектер болады деген үмітіміз бар.
Қожалық иесі жанына екі азаматты ертіп Шығыс өңіріне барып, маралды күтіп баптауды, мүйізін өндіруді үйреніп қайтқан. Болашақта 15 адамды жұмыспен қамтимын деп отыр. Аудан экономикасын дамытуға үлес қосып жатқан азаматқа жергілікті билік те барынша қолғабыс жасамақ.
Серік Құсмолдин, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары:-2019 жылы бұл іс басталған кезде ауданнан бұл кісілер көмек сұрады. 1400 га жайылым жер берілді. Үкімет, аудан тарапынан осы жобаны дамытуға барлық күш жігерімізді саламыз.
Келешекте өңірде сауықтыру кешенін салу жоспарда бар. Жетісу жеріндегі жаңа кәсіп марал мүйізінен шипа іздеген жұртқа, әсіресе алып шаһар Алматы тұрғындары үшін ыңғайлы болып тұр.
Қуаныш Қанатұлы