Әр азамат сайлаушылар тізіміндегі өзі туралы деректерді тексеруге құқылы. Егер тізімге енбей қалса, дұрыс енгізілмесе, тізімнен шығып қалса, сондай-ақ, деректерде қателікке жол берілсе ол үшін шағымдана алады. Ал дауыстарды санау басталғаннан кейін сайлаушылар тізіміне өзгерістер енгізуге тыйым салынады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы отырысында айтылды. Жиында сайлаушылардың тізімдерін жасақтау және халықаралық байқаушыларды аккредиттеу мәселелері қаралды.
Жалпы, 10 қараша мен 10 желтоқсан аралығында республикалық телеарналарда 623 рет «азаматтарды сайлаушылар тізіміне енгізу туралы» бейнеролик көрсетілді. Республикалық радиостанциялардың эфирінде 642 рет аудиожазба шықты. Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше 22 желтоқсанға дейін 276 халықаралық байқаушы аккредиттелген.
Фариза Мұсақызы