Қазақ киносының қоржыны құнды туындымен толықты. «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы Тәуелсіздік күніне орай 6 бөлімнен тұратын «Абай» телехикаясын көрермен назарына ұсынбақ. Телетуынды хакімнің 175 жылдығына арналған және ақынның өмір жолын жас ұрпаққа насихаттауға бағытталған.
«Абай» сериалының сценариі «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Көркемдік кеңесінен, абайтанушылар мен зиялы қауым өкілдерінің сүзгісінен өткен. Телехикаяда ақын өмірінің үш кезеңі, балалық, жігіттік және кемеліне жеткен шағы көрініс табады. Сол кезеңдегі рулар арасындағы талас, Абайдың саяси мәселелерге араласып, көпшілікті бірлікке шақырған тұстары бейнеленеді.
Дулат Исабеков, жазушы, драматург:-Көптеген еңбек сіңірілді. Өйткені Абай бәрімізге ортақ. Үлкен телефильмдердің ішінде бір үлкен құбылыс, этап болып қабылдануы мүмкін деп өзім үміттеніп отырмын. Өйткені, бұл - Абай. Абайдың өмірі. Абайдың тағдыры және қазақ халқының тағдыры.
Бұл – Қазақ халқының ақ кемемен болашаққа аттанып бара жатқаны Абайдың көз алдына елестеген тұсы. Фильмде хакімнің болмысын ашып, арман-мұратын көрерменге жеткізу үшін осындай сахналауға ауыр оқиғалар көрініс табады. Жалпы телетуынды сюжетіне Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романындағы негізгі оқиғалар арқау болған. Дегенмен, кей эпизодтарға қиялдан туған көріністерді де енгізуге тура келді, дейді режиссер.
Мұрат Бидосов, режиссер:-Бірінші кезеңде мұны көркем дүние деп қабылдау керек. Бірақ біз Абайдың образынан немесе оның өмірінен алшақтаған жоқпыз. Бағасын көрермен берер. Есте қалатындай дүние шықты деп ойлаймын.
Телехикаяға кастинг арқылы елдің әр аймағынан сайдың тасындай үздік актерлар іріктелді. Түсірілім Жетісу аймағында екі айға жуық уақытқа созылған. Тарихи туынды «Абай» телехикаясы 16-17 желтоқсан күндері кешкі сағат 20:00-де «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының эфирінен көрерменге жол тартады.
Нұрхан Нұрланұлы