Мемлекет басшысының қатысуымен реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысының қатысуымен реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысы өтті

09.12.2020

Бүгін Мемлекет басшысы реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысын өткізді. Онда мемлекеттік жоспарлау жүйесін қайта құрудың тәсілдері, макроэкономикалық саясат, әлеуметтік даму, экономиканы әртараптандыру және кәсіпкерлік, сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау сынды маңызды мәселелер қаралды.  

Мемлекеттік жоспарлаудың бұл жаңа жүйесі. Бағдарламалар мен реформалардың дәйектілігі мен өзара байланысын қамтамасыз етуі керек.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
 - Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі догматизм мен формализмнен толығымен арылуы тиіс. Әдемі сөздерден қашып, мазмұнды әрекетке көшу керек. Жауаптыларға қосымша жұмыс артпай, тиянақты, нәтиже көрсетуіне мүмкіндік беруіміз тиіс.  

Ел үшін маңызды қадам – цифрландыру. Президент бұл бағытта мемлекеттік жоспарлау реформалары жүйесінде цифрландыруды жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардағы құжаттар мен бағдарламалардың барлық иерархиясын талдау қажет. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
– Тәуелсіздік жылдарында көптеген бағдарламалар жинақталды, олардың кейбіреулері жоғалды, жаңа бағдарламалар мен құжаттар пайда болды. Олардың бәрін иерархиялық жүйеге келтіру керек, қажетсіздерінен арылу керек. Жоспарлаудың толық айқын, ашық жүйесін құру керек. Бастысы түсінікті болуы тиіс.  

Бұдан бөлек, әлеуметтік кодекстің дамуына, «Цифрлық Қазақстан» жобаларына ерекше назар аударуды тапсырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
-Адал бәсекелестік, әкімшілік қысымдарды жою, бұлардың бәрі экономикалық дамудың жүйелі тәсілі. Осыған байланысты реформаны әзірлеуде бизнес қауымдастықпен қоян-қолтық жұмыс істеуі тиіс. Ол үшін Үкімет пен «Атамекен» тізе қосып, әрекет етуі маңызды. Әрқайсызы өз жауапкершілігін ұғынуы керек.  

Кеңес отырысында сот жүйесін реформалауды жетілдіру мәселесі қаралды. Алдыңғы қатарлы ІТ-технологияларды енгізу бойынша жұмыстар жалғасуы керек. Атқарылатын жұмыстардың барлығы халық игілігіне бағытталуы тиіс. Президент осыны қадап тапсырды.  

Асима Нұрбайқызы  


Мемлекет басшысы реформа жоғарғы кеңес отырыс

Хабарламаларға жазылу