Ақтөбеде 22 отбасы ондаған жылдан бері темір вагондарда тұрып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде 22 отбасы ондаған жылдан бері темір вагондарда тұрып жатыр

07.12.2020

Темір сарайлардағы тағдырлар. Ақтөбеде 22 отбасы ондаған жылдан бері темір вагондарда күн кешіп отыр. Баспаналары жазда адам төзгісіз ыстық, қыста суық. Олар «Жергілікті билік біздің мәселесімізді шешуге құлықсыз», - дейді.  

Қаз-қатар тізілген әжетханалар, шашылған қоқыс. Бұл үйдің сыртқы көрінісіне қарап-ақ шошуға болады. Жапсарлас орналасқан мына темір вагондарда қазір 100-ге жуық адам тұрып жатыр. Көбі қала орталығынан пәтер жалдауға не сатып алуға қалтасы көтермеген отбасылар.  

Гүлжаһан Есенқұлова, тұрғын: 
-Жылу жоқ, дұрыс емес. Бала-шағасы барлар қайтеді?!  
Жақсыбек Кемал, тілші: 
-Мұндағы бөлмелерде тұрудың қаншалықты қауіпті екенін дәлізге кіргенде-ақ байқауға болады. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, электр желілері қалай болса солай жалғанған. Салдарынан екі жыл бұрын бір тұрғын тоққа түсіп қайтыс болыпты. 

Баспаналарға көгілдір отын келмегендіктен, тұрғындар жандарын шүберекке түйіп, амалсыз газ баллонын қолданып отыр. Әлия Елеусінова аядай бөлмеде 7 жылдан бері тұрып жатыр. Баспана іші суық болғандықтан, балалары жиі ауырады, дейді ол.  

Әлия Елеусінова, тұрғын: 
-Төрт баламен тұрып жатырмыз. Аяз кезде терезенің бәрі қырауланып кетеді. Жазда ыстық, жанып кетеді. Түнгі 12-1-ге дейін далада жүреміз. 

Бұл вагондар осыдан 30 жыл бұрын вахталық әдіспен жұмыс істейтін геологтарға уақытша тұруға берілген. Ал, тоқсаныншы, екі мыңыншы жылдары тұрғындар жекешелендіріп алған. Жергілікті билік үй апатты деп танылған соң ғана тұрғындарды көшіру мәселесі қаралады дейді. 

Аманбек Шалабаев, Алматы аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы: 
-Әзірге ешқандай шешім қабылдай алмай отырмыз. Өйткені, үйдің жер актісі, сосын гос экспертизасы жоқ. Үй әлі апатты деп танылмаған. Тұрғындардың атынан ешқандай әрекет жасалып жатқан жоқ. Жер беруге дайын, егер бәрі арызданып, жер актісін сұрайтын болса. 

Демек, үйді апатты деп тану үшін тұрғындар жер актісін алып, өз ақшаларына мемлекеттік сараптама жүргізулері керек. Оған жарты жылдан астам уақыт кетеді.  

Жақсыбек Кемал


Ақтөбе темір вагон

Хабарламаларға жазылу