Көкшетау тұрғындары 5 жылдан бері атауы жоқ көшелерде тұрып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетау тұрғындары 5 жылдан бері атауы жоқ көшелерде тұрып жатыр

31.08.2023

Көкшетау қаласындағы Бірлік шағын ауданында 170-тен астам үйдің тұрғындары бес жылдан бері атауы жоқ көшелерде тұрып жатыр. Салдарынан жедел жәрдем қызметкерлері жиі адасып, өрт сөндірушілер мен полицейлер де нақты мекенжайды таба алмай әлекке түсетін көрінеді. Ашынған халық қайда барып, кімге шағымданарын да білмей отыр. Себебі қала әкімдігі бұл мәселеден хабардар. Биыл қоғамдық тыңдалым өтіп, халық төрт көшені қазақ билерінің құрметіне атауды ұсынған. Алайда бұл бастама қабылданған жоқ. Ал сала мамандары жаңа атаулар бірқатар ережелерді ескере отырып қана таңдалады дейді.

Жұмагүл Сәліхова, қала тұрғыны:

Түн ортасында ауырып қалсақ, жедел жәрдем бізді тауып келе алмайды. Мектепке дейін шақырамыз. Содан түн ортасына қарамастан баланы мектепке дейін жүгіртеміз. Өйткені олар бізді тауып келе алмайды.

Күнім Оразбаева, қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

Шағын ауданға, қысқа көшелерге билердің атын беру дұрыс шешім болмайды деген пікір білдіріліп, ол жұмыс тобына қайтадан қайтарылды. Енді алда бұл жұмысты қайтадан жалғастырамыз. 


Хабарламаларға жазылу