Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 27 миллионнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 27 миллионнан асты

07.09.2020

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны көбейсе де, тәуліктік өлім-жітім екі есе азайған. Соңғы 24 сағатта бұл жұқпалы дертке планетада 304 мың адам шалдығып, 5600-ден астамы жан тәсілім етті. Бір ай бұрын күніне «COVID»-тан шамамен 10 мыңнан адам өлетін. 

Үндістан коронавирус жұқтырудан әлем бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орынға шықты. Өткен тәулікте мұнда 91 мыңға жуық адамнан COVID табылды. Елде науқастардың жалпы саны 4 миллион 200 мыңға жетіп, жұқпалы инфекциядан 71 мыңнан астам адам қайтыс болды. 

Арун Деван, аурухана қызметкері:

- Науқастар саны біз болжағаннан да көп. Жағдайдың ушығуына адамдардың немқұрайдылығы себепші. Қоғамдық орындарда қауіпсіздік ережелері толық сақталмайды.

Ал, қауіпті тізімнің көшін бастап тұрған АҚШ-та вирус жұқтырғандар 6 миллион 270 мыңға жетсе, Бразилияда 4 миллион 137 мыңнан асты.

Ұлыбританияда соңғы апталарда коронавирус науқастарының саны күрт артты. Өткен тәулікте бұл корольдікте 2988 адам жұқпалы дертке шалдыққан. Бұл – мамырдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Жергілікті билік науқастар арасында жастардың көптігіне алаңдап отыр.

Мэттью Хэнкок, Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі:

- Әсіресе, 17-21 жас аралығындағыларда вирус жұқтыру оқиғалары көп кездеседі. Олар өздері қатты зардап шекпесе де, инфекцияны ата-әжелері сияқты қарт адамдарға жұқтыруы мүмкін. Сондықтан әлеуметтік қашықтықты сақтау аса маңызды.

Австралияның 25 миллион тұрғыны үшін коронавирусқа қарсы екпе тегін болады. Бұл туралы ел премьер-министрі хабарлады. Қазір вакцина сынағының үшінші кезеңі жүріп жатыр. Екпе жасату ерікті түрде өтпек. 

Скотт Моррисон, Австралия премьер-министрі: 

-Вакцинаға қатысты арнайы стратегияның болуы маңызды. Сынақтар сәтті өтсе, препарат 2021 жылы қаңтар-ақпан айларында дайын болады. Оның 80 миллион дозасын өндіру жоспарда бар.  

Францияда өткен тәулікте 7 мыңнан астам адам COVID жұқтырса, Испанияда эпидемиялық ахуал ушығып тұрғанына қарамастан, қыркүйектің 8-де барлық мектептер жұмысқа кіріседі. Айта кетсек, Испания қазір 500 мыңға жуық науқаспен Еуропада коронавирус жұқтырудан бірінші орында тұр.

Жансая Қапасқызы 

Хабарламаларға жазылу