Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 91 миллионнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 91 миллионнан асты

13.01.2021

Индонезияда жаппай вакцинациялау науқаны басталды. Ел президенті Джоко Видодо екпені алғашқы болып салдырды. Ауқымды жоспарға сәйкес, препаратты 15 айда 181 миллионнан астам азамат қабылдауы тиіс. Осылайша, ел билігі халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын сақтап қалуды көздеп отыр.

Ал Қытайда өткен күні ковид 115 адамнан анықталды. Бұл – 5 айдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Науқастардың көбі Бейжіңге жақын аймақтарда тіркелген. Инфекцияның күрт өршуінен 4 қала карантинге жабылды. 

Нидерланд қатаң шектеу шараларын тағы үш аптаға ұзартты. Мұнда індетке шалдыққандар саны 890 мыңға жуықтап қалды. Елде қаңтардың 15-нен бастап азық-түліктен басқа дүкендер жабылып, қызмет көрсету орындары жұмыс істемейді.

Ковид кесірінен Литва парламенті қашықтан жұмыс істеу режиміне ауысты. Кеше заң шығару органы алғашқы онлайн отырысын өткізді. Мұндай шешім үкімет үйінде 4 адамнан коронавирус анықталған соң қабылданған.

Жансая Қапасқызы

Хабарламаларға жазылу