Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 31 миллионнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 31 миллионнан асты

21.09.2020

Еуропада коронавирустың таралу қарқыны өршіп тұр. Австриядан кейін Ұлыбритания да Сovid-тің екінші толқынын жариялауға дайын. Испания болса бүгіннен бастап ірі қалаларда адамдардың қозғалысына шек қойып жатыр. Көктемдегідей үйде қамалып отырамыз ба деп алаңдаған жұрт бұған қарсылық білдіріп жатыр. 

Испания бүгіннен бастап оқшаулау режимін қайта енгізді. Мадридтің 37 ауданында адамдардың тұрғылықты жерінен шығуға тыйым салынды. Басқа ауданға тек жұмыс үшін баруға болады. Шектеулердің қайта енгізілуіне халық наразы.

Ноэми Родригез, жергілікті тұрғын: 

- Көршілес ауданға баруға тыйым салу дұрыс емес деп ойлаймын. Жаз уақытында қатаң шектеулер болмады. Туристік маусым аяқталған соң ережелерді қайта күшейтіп жатыр. Бұл – әділетсіздік.

Ал Австрия билігі ғимарат ішінде 10 адамнан артық жиналуға тыйым салды. Мұндай шешім коронавирустың өршуіне байланысты қабылданып отыр. Елдегі науқастар саны екі аптада 2 есе өсіп, 38 мыңнан асқан. 

Ұлыбританияда да локдаун қайта енгізілуі мүмкін. Біріккен Корольдікте соңғы апталарда күніне 4 мыңнан астам науқас тіркелуде. Осыған байланысты талаптар да күшейтіліп жатыр. Енді карантин ережелерін екі рет бұзғандарға 12 мың долларға дейін айыппұл салынады. 

Мэтт Хэнкок, Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі: 

- Егер барлық адамдар ережелерді сақтаса, жаппай шектеулерді енгізудің қажеті жоқ. Бірақ дертке шалдықса да, карантин талаптарын бұзып жүргендер бар. Сондықтан мұндай әрекеттерге қарсы шара қабылдауымыз керек. 

Чехияда осынау жұқпалы дертке шалдыққандар санының күрт артуына байланысты Денсаулық сақтау министрі қызметінен кетті. Адам Войтех індетпен күресу үшін аянбай еңбек еткенін айтты. Соған қарамастан елде күніне 2 мыңдай адам инфекциямен тіркеліп жатыр.   

Ал Жаңа Зеландияда шектеу шаралары тоқтады. Себебі, соңғы тәулікте Сovid бірде-бір адамнан анықталмаған. Оқшаулау режимі вирус ошағына айналған Окленд қаласында ғана сақталып отыр.

Жансая Қапасқызы

Хабарламаларға жазылу