Ауылға баратын мамандар үшін енді жер телімі беріледі. Бұл үрдіс жыл сайын жалғаспақ. Бұдан басқа, дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысы, студенттердің шәкіртақысы тағы өседі. Бүгін «Nur Otan»-ның сайлауалды бағдарламасы таныстырылды. Сонымен қатар саяси ұйымның Мәжіліс сайлауына партиялық тізімі бекітілді. Бұл «Nur Otan» партиясының мерейтойлық съезі. Елдің ең басты саяси күші 20-сыншы отырысқа орасан жетістіктермен келді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:-Осы жылдар ішінде партия аянбай жұмыс істеді. Біз ұзақ жолды жүріп өттік. Сапарымыздың жетістігі болып саналады.
Келер жыл ел үшін маңызды даталарға толы. Алдымен - сайлау. Тәуелсіздікке 30 жыл. Осы аралықта атқарылған ауқымды әр істің басында «Nur Otan» партиясы тұр.
Партия негізгі үш қағидаға сүйенеді. Жауапкершілік, жұдырықтай жұмылу, ортақ мұрат-мақсаттарға адалдық. Алдағы уақытта да осы бағытынан таймайды. 5 жылға түзген жоспары сан-салалы. Бірақ, пандемия жаһандық өзгеріс жасады. Белгісіздік басым. Әлемдік экономика ондаған жылдарға кері кетті. Ендігі міндет - осыған дейінгі өсім үдерістерін қалпына келтіру.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Біз елге жаңа даму парадигмасын ұсынуымыз керек. Бұл жерде биліктің барлық тармақтары бірігуі керек. Президент, Үкімет және заң шығарушы органдар. Сондықтан алдағы сайлаудың қоғам үшін маңызы зор.
Әлеуметтік-экономикалық саясатта билік нарық тәсілдерін басшылыққа алады. Бұл ретте дамыған елдер халықтың сапалы өмір сүруін қамтамасыз етеді. Біздің Үкімет те осы мақсатқа жетуге талпынуы тиіс. Мұндағы екпін - жеке секторды қолдау, азаматтар алдында әлеуметтік міндеттерді орындау. Бұл тұрғыда Президент қаржыны және жәрдемақыны оңды-солды таратуды тоқтатуды тапсырды. Әлеуметтік көмек шын мәнінде мұқтаж адамдарға берілуі тиіс.
Алдағы бес жыл ішінде әлеуметтік төлемдерді жыл сайын индексациялау үшін 3 триллион теңгеден астам қаржы бөлінеді. Зейнетақы жыл сайын өседі. Ол инфляция деңгейіне екі пайыз қосу арқылы жүзеге асады. Шәкіртақы 2 есе, магистранттар мен докторанттарға берілетін ай сайынғы төлем 1,5 есе артады. 5 жылда білім грантының саны 50 пайызға көбейеді. Мұғалімдердің айлығы екі есе, ал дәрігерлердің жалақысы 2023 жылға қарай 2,5 есе өседі.
Ел бесігі – ауыл. Сол бесіктің тербелуіне теңдей жағдай жасалуы тиіс. Президент 3,5 мыңнан астам ауыл жаңартылатынын айтты. Барлық қала мен ауыл ауыз сумен қамтылады. 250-ге жуық елді мекенге газ тартылады. Шағын қалалар мен ауылдардағы 5 мыңнан астам мектеп жаңарады. Апатты және үш ауысымдық мектептердің мәселесін шешу үшін 800 жаңа мектеп салынады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:- «Біз біргеміз» ұраны қазақстандық патриотизмнің формуласына айналды. Пандемияның ең қиын кезеңінде шын мәнінде бірге болдық. Партия мен оның белсенділері халықты біріктіруде өлшеусіз рөл атқарды. «Nur Otan» нақты істердің партиясы екенін сөзбен емес, іспен дәлелдеді.
Сонымен алда маңызды саяси науқан. Бүгінгі отырыста додаға «Nur Otan»-ның атынан қатысатын партиялық тізім бекіді:
126 кандидаттан тұрады. Олардың 77-сі партияішілік праймериз қорытындысы, 49 адам орталық партиялық квота бойынша анықталған. Жалпы тізімде Мәжілістің қазіргі қызметтегі депутаттары 20%-тен аспайды. Есесіне тізімнің үштен бірі – әйелдер. Орташа жас бұрынғылармен салыстырғанда 4 жылға төмен, яғни - 48 жас.
Сайлау ашық, әділ және заңды өтуі тиіс. Президент ол үшін барлық жағдай жасалатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Мен Мемлекет басшысы ретінде мұны жіті қадағалаймын. Осыған орай Орталық сайлау комиссиясына және Бас прокуратураға нақты тапсырма бердім. Барша сайлаушыларды азаматтық белсенділік танытып, сайлауға қатысуға шақырамын.
Бүгін жарияланып отырған «Nur Otan» партиясының бағдарламасы – қаржылық, адами және қажетті ресурстармен толық қамтылған. Бұл бұрыннан қолға алынған реформалардың заңды жалғасы. Ал республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі ретінде партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің кандидатурасы ұсынылды.
Асима Нұрбайқызы