Меркіліктер ерекше қорғалатын аймақта кен барлау жұмыстарының жүргізілуіне қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Меркіліктер ерекше қорғалатын аймақта кен барлау жұмыстарының жүргізілуіне қарсы

19.11.2020

Жамбыл облысындағы Меркі ауданының тұрғындары ерекше қорғалатын аймақта кен барлау жұмыстарының жүруіне қарсы. Бірақ жоспарлы геологиялық барлау әлдеқашан басталып кеткен. Экологтар бұл аумақта ұлттық парк құруды ұсынған. Алайда жоспар жүзеге аспай жатып табиғат талқандалып барады. 

Қарақыстақ жайлауында ірі алтын өндірісі тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Барлаушылар жаңа кен орындарын ашу үшін тау шыңындағы мұздақтарға дейін жақындаған. Бұл жайт жергілікті тұрғындарды алаңдатып отыр.  

Серік Құралбаев, Меркі ауылының тұрғыны: 
-Ол жерде 68 жуық балбал тастар дайын тұр. Керемет туристік базаларды орнатуға болады. Қазір Меркі,Тұрар Рысқұлов ауданының жерлерін біріктіріп, табиғи қорғалатын парк жасалатын жоспар қолға алынып жатыр. Бірақ соның өзінде бүйірден келіп алтын қазатындар қиғай салып жатқанын түсінбей жатырмыз.

Алтын қазуға жоспарланған жерлер ерекше қорғалатын аумақ ішінде. Батыс түрік қағанатының астанасы болған Сандық жайлауы да осы жерде. Мамандар қорық ішінен жаңа орлар қазылғанын байқаған. Табиғат жанашырлары Әулиешоқының әр жерін қазып, Әуликөлдің маңына жол сала бастады деп дабыл қағуда.

Сәбит Әлдебай, тілші: 
-Қазір көлемі 70 мың шаршы шақырым болатын табиғи қорықтың аумағындағы осындай шұрайлы жерлер шұрық тесікке айналған. Табиғат жанашыларлары бұлай жалғаса беретін болса мұндағы бар аң-құс шекара асып, Қырғызстан аумағына ауып кете ме деп алаңдайды.

Жергілікті тұрғындар алтын барлауға үзілді-кесілді қарсы болғанымен, барлаушылар экожүйеге зиян келтірмейміз деп отыр.

Владимир Добрынин, «Голден компас» алтын барлау компаниясының өкілі:
-Біз барлық құжаттарды облыс әкімдігіне жібердік, барлық талаптар сақталатын болады. Жан-жануарлардың өмір сүру ортасын бүлдіргіміз келмейді. Қазған жерді көміп, шөбін өсіріп кетеміз.

Барлаушылар таудың ұшар басындағы 4 жерді зерттеуге министрліктен рұқсат алған.

Аслан Оразбеков, Табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
- Қазір халықтың үніне құлақ асатын уақыт, сондықтан халық наразы болатын болса біз ары қарай жұмыс істетпеуге орталыққа хат жазамыз. Ұсыныс береміз, соған тырысамыз..

Алтын өндіретін компания облысқа 108 милиард теңге инвестиция және әлеуметтік саланың дамуына 32 миллион теңге қаржы құймақ. Алайда тұрғындар экологияны ескермей экономикалық әлеуетін еселеуге бағытталған шешім орынсыз дейді.

Сәбит Әлдебай


Жамбыл облысы Меркі барлау жұмыстары алтын

Хабарламаларға жазылу