Антибиотиктер кейбір ауруларға төтеп бере алмай жатыр

19.11.2020

Туберкулез, иммунды жетіспеушілік синдромы мен тұмаудың кей түріне антибиотиктер төтеп бере алмай жатыр. Мамандар бұлай жалғаса берсе вирустың ең жеңіл түрін де емдей алмай қалуымыз мүмкін дейді. Антибиотикті жылына халықтың тек 20 пайызы қолдануы тиіс. Біздің елде бұл 30 процентке жеткен.   

Дүниежүзінде антибиотиктің өндірісі саябырсып қалды. Препараттар 2000 жылдары көптеп өндірілсе, кейін шыққан инновациялық жаңа өнімдер саусақпен санарлық. Бұрыңғы дәрілерді халық көп тұтынғандықтан ең қауіпті аурулардың өзіне әсер етпей жатыр. Ал елімізде шетелден келген 200-дей антибиотик пен 800-дей антибактериалды препарат бар. Отандық фармкомпаниялар тек көшірме өнімді өндіреді.

Гүлзира Жүсіпова, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы дәрілік заттарды ұтымды пайдалану орталығының жетекшісі:  
-Соңғы жылдары бұрыңғы қолданған препараттардың тиімділігі төмендеп кеткен. Бір жағынан фармацевтикалық компанияларға антибиотик өндіру тиімсіз. Себебі, 2-3 жылдан кейін әсері төмен болып қалады. Бұл мәселе денсаулық саласына төнген қауіп, ал мемлекетке үлкен шығын.   

Елімізде дәрі тағайындауды үйлестіретін клиникалық фармаколог аз. Мамандар препараттарды қолдану ережесін жетік білмейді. Тексеруге сәйкес, елордадағы 22 ұйымдағы мамандардың 7,3 пайызы антибиотикті орынсыз жазып берген. Сондықтан дәрігерлерге дәрі жайлы дәріс қажет. Тағы бір мәселе. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы антибиотиктерді жеңіл және резервтегі күрделі дәрілер деп бөледі. Алғашқы тізімді қолдану үлесі басым болу керек еді. Біз оны аттап өтіп резервтегі дәрілерге көштік.   

Халықтың дәрі қолданудағы сауаты да төмен. Орынсыз пайдалану фактілері көп. Салдарынан жылдан-жылға дәрінің ағзаға ықпалы азайып барады. Дәрігер нұсқауынсыз беретін заңсыз сатылым да тыйылмай тұр. Сондықтан біздің елге де шетелдегідей шектеулер қажет.  

Екатерина Юхневич, дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы тәуелсіз сарапшылар комиссиясының мүшесі:   
-Еуропа елдерінде, Америкада егер пациент өздігінен антибиотик қолданып, кейін асқыну байқалса медициналық сақтандыру төлеміне кері әсер етеді. Салдарынан ауруханалар науқасқа тегін ем-шара жүргізбеуі мүмкін. Сол себепті, шетелдіктер бұған үлкен жауапкершілікпен қарайды. Орынсыз қолдануға қорқады.   

Жаңа инновациялық преапараттар өндірісін қолға алып, дәрігерлер мен адамдардың дәрі қолданудағы сауатын арттырғанда ғана ұлт саулығына қауіп төнбейді. Ауырғанның бәрін антибиотик емдейді деген қасаң қағидададан арылу керек. Әйтпегенде дертке дауа болар дәрі таппай қиналатын күнге жетеміз, дейді мамандар.   

Раушан Сайлауқызы 


Антибиотик ауру

Хабарламаларға жазылу