Алматы облысында коронавирус жұқтырғандар саны 5400-ге жуықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында коронавирус жұқтырғандар саны 5400-ге жуықтады

18.11.2020

Алматы облысында індет басталғалы коронавирус жұқтырғандар саны 5400-ге жуықтады. 80 адам індеттен көз жұмды. Ал 4900-дей адам емделіп шықты.  

Қанша сақтанып жүрсе де, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов та індеттің ілмегінен құтыла алмады. Ол тек білікті дәрігерлер күшімен аман қалғанын жасырмайды. Аймақ тұрғындарын бұл ауруға немқұрайды қарамауға шақырған әкім екінші толқын дайындығына ерекше мән беріп отыр. 

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:
Ұйқың да кетеді. Кешке жатқанда таңертең оянасың ба? Туған-туыстарыңды көресің бе? Сондай ой келді. 

Облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров, өңірдің бас санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетов, Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіров, Талғар ауданының әкімі Жолан Омаров осы дерттен көз жұмды. «Сол кездері облыстық «Жетісу» газетінің беттері нейкрологтарға толып, көңіл айту жедел хаттарынан көз ашпадық», - дейді журналист Гүлжан Тұрсын. Қаламгердің өзі де осы індеттен әрең жазылып шықты. 

Гүлжан Тұрсын, Облыстық «Жетісу» газетінің аға тілшісі:
Немқұрайды қарамау керек бұл індетке. Қазақтар біз тойшылмыз ғой. Қазір де той жасауды қоймай жатырмыз. Шақырушылар көп. Бармасаң неге келмедің дейді. Барсаң өте қауіпті. Өзіңе де, басқаға да қауіпті. Сондықтан да өзімізді, басқаларды, халқымызды ойлап, той-думанды қоя тұру керек деп ойлаймын.

Ал соңғы деректер бойынша облыста 22 оқушы кесел жұқтырған. Оның төртеуі кезекші сыныптарда, 18-і үйде онлайн білім алған. 

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу